ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АЯСЫНДА РЕЙДТІК ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛДІ

    Түркістан облысында қоғамдық орындардағы тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған бақылау жұмыстары күшейтілді. Бұл шаралар Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылуда.
    Мақтаарал ауданының аумағында құрылған мобильді топ саябақтар мен скверлерді, жағалау аймақтары мен демалыс орындарын, сондай-ақ тұрғындар көп жиналатын қоғамдық орындарды аралап, санитарлық және қоғамдық тәртіп талаптарының сақталуына мониторинг жүргізді.
    Нәтижесінде тазалық қағидаларын бұзудың 32 дерегі тіркелді. Оның ішінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы бойынша 13 тұлғаға қатысты 13 әкімшілік хаттама, ал 505-бабы бойынша 19 тұлғаға қатысты 19 әкімшілік хаттама рәсімделді. Құқық бұзушылықтарға жол берген азаматтарға жалпы сомасы 631 450 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
    Сонымен қатар рейд барысында тұрғындарға қоғамдық орындарды күтіп ұстау, тазалық талаптарын сақтау және белгіленбеген жерлерге қоқыс тастамау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
    Түркістан облысында қоғамдық ортадағы тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған рейдтік және профилактикалық шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысының әкімдігі" жаңалықтары