
Ерекше шаруашылықты өзіне кәсіп еткен отырарлық кәсіпкер Махсұт Арапбаев бүгінде бал ара асырап, табысын арттырып отырған кәсіпкерлердің бірі.
62 жастағы Махсұт ағамыз М.Шойманов ауылындағы П.Айтменов мектебінде кіші қызметкер болып істейді. Жасынан еңбекке құмар ел ағасы өзінің баларын да еңбекке баулып, өз үйінің ауласында бал ара асырап кәсіп бастаған. Бүгінде ұлдары әке ісін меңгеріп, бал өнімін сатып мол табыс тауып отыр.
Ерекше күтімді қажет ететін осынау бір тіршілік иелерінің өзгертуге келмейтін ішкі ережелері мен қағидаларының барын айтқан омарташы аралар үшін тазалықтың сақталуының маңыздылығы жоғары дейді. «Аралар тазалықты сүйеді. Сондықтан, ара ұстасаңыз, омартаның мұнтаздай таза болуына аса мән беру керек. Үнемі ыждағаттап тазалап, мұқият қадағалағанда ғана сапалы бал жинап алуға болады», - дейді кәсіп иесі.
Бал өсіруші жылына бір ұяшықтан 40-50 келіге дейін бал алады. Қазіргі таңда бал өніміне сұраныс та жоғары. Себебі, бал арасының денсаулыққа пайдасы көп. Ал, 1 кг бал нарықта 2,5-3 мың теңгені құрайды. Еңбекқор омарташы болашақта кәсібін дамытып, шаруашылығын кеңейтуді мақсат етіп отыр.







