
Бүгін, 23 тамыз күні таңғы сағат 7:00-де Келес ауданындағы барлық сайлау учаскелері өз жұмысын бастап, Құрылтай сайлауына дауыс беру рәсіміне кірісті.
Сайлау учаскелерінің ашылуы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, учаске комиссиялары сайлаушыларды қабылдауға дайын екенін жеткізді. Ауданда сайлау процесін ұйымдастыруға барлық қажетті жағдай жасалған.
Келес ауданында барлығы 61 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның 57-сі білім беру ұйымдарында, 2-еуі денсаулық сақтау ұйымдарында, 2-еуі мәдениет ұйымдарында орналасқан. Сонымен қатар аудандық ауруханада бір жабық сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі 100 пайызды құрайды.
Таңмен бірге сайлау учаскелеріне алғашқылардың бірі болып келген тұрғындарға ерекше құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталып жатыр. Бұл – азаматтардың ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси науқанға белсенді қатысуын ынталандыратын игі дәстүр.
Ауданда сайлаушылардың жалпы саны – 70 438 адам. Сайлау барысын 61 сайлау комиссиясы қамтамасыз етіп, комиссия құрамында тәжірибелі 389 мүше жұмыс атқаруда.
Келес тұрғындарының бұған дейінгі сайлау және референдумдардағы белсенділігі де жоғары. Мәселен, 2026 жылғы референдумға аудан тұрғындарының 83,55 пайызы қатысқан.
Бүгінгі сайлау – әр азаматтың өз таңдауын білдіретін маңызды күн. Келес ауданында дауыс беру процесі белгіленген талаптарға сәйкес, ұйымдасқан түрде жалғасуда.









