
Мойынқұм ауданында 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың шығармашылық және қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған «Жастар FEST» ойын-сауық кеші өтті.
Мерекелік шараны Мойынқұм аудандық мәдениет үйі мен Жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырып, Орталық саябақта өткізді. Мұндай мәдени-көпшілік іс-шаралар жастардың шығармашылығын қолдауға, олардың өзара қарым-қатынасын нығайтуға және белсенді өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Кеш барысында аудан жастары ән айтып, би билеп, түрлі қызықты ойындар мен сайыстарға белсене қатысты. Еркін әрі көтеріңкі көңіл-күйде өткен шара жастардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне мүмкіндік беріп, мерекелік атмосфера қалыптастырды.
Мерекелік кеште аудандық мәдениет үйінің әншілері Ақжан Мамбеталиев пен Ләйлім Шайдахмет өнер көрсетіп, көрермендерге әсем әндерін ұсынды.
Шараның ойын-сауық бөлігін Жастар ресурстық орталығының директоры Күнту Мәди Жәнібекұлы ұйымдастырып, жастарды түрлі сайыстарға қатыстырып, белсенділік танытқан қатысушыларды арнайы Алғыс хаттармен және сертификаттармен марапаттады.
Кеш соңында «Айгөлек» би үйірмесінің жетекшісі Шайдахмет Ләйлім Ғабитқызының жетекшілігімен жастардың қатысуымен көңілді флешмоб ұйымдастырылды. Бір алаңға жиналған жастар би билеп, мерекелік кештің ажарын аша түсті.
Сонымен қатар, шараға қатысқан балалар мен жастарға балмұздақ таратылып, тәтті сыйлықтар ұсынылды.
«Жастар FEST» кеші ән мен биді, спорттық-ойын-сауықтық белсенділікті және достық қарым-қатынасты тоғыстырған мазмұнды мерекелік шара болды. Осындай бастамалар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілетін шыңдап, қоғамдық ортадағы белсенділігін арттыруға ықпал етеді.









