
“Заң мен тәртіп” қағидаты аясында Мойынқұм ауылында аудан әкімдігі мен прокуратурасының ұйымдастыруымен жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын құрметтеуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған «Заң мен тәртіп – кең мүмкіндіктерге жол ашатын кілт» тақырыбында TEDx форматындағы кездесу өтті.
Іс-шара барысында аудан прокуратурасының прокуроры А.Әділбек, аудан әкімінің орынбасары М.Тулеулиев, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары, подполковник Ү. Айнақұл қатысушыларға заң мен тәртіптің қоғам тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызын түсіндіріп, жастардың құқықтары мен міндеттері, құқық бұзушылықтың алдын алу және қауіпсіз қоғам қалыптастыру мәселелері кеңінен қозғады.
TEDx форматындағы еркін пікір алмасу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Сонымен қатар, заң талаптарын сақтау, жауапкершілікпен әрекет ету және құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызы туралы ой-пікірлер ортаға салынды.
Заңды білу – өз құқығыңды қорғау, ал тәртіпті сақтау – қоғамның қауіпсіз болашағына үлес қосу.









