Абай облысының полицейлері қансыраған баланы 12 минутта облыстық ауруханаға жеткізді

    Абай облысының полицейлері қансыраған баланы 12 минутта облыстық ауруханаға жеткізді

    15 тамыз күні Абай облысында Семей – Өскемен автожолын патрульдеу кезінде полиция қызметкерлеріне Volkswagen автокөлігінің жүргізушісі көмек сұрап жүгінген.

    Жүргізуші көліктің ішінде аяғынан ауыр жарақат алып, қатты қан кетіп жатқан бес жасар бала бар екенін айтып, шұғыл көмек көрсетуді өтінген.

    Баланың анасының айтуынша, Жаңасемей ауданына қарасты Гранитный ауылында тұратын бес жасар ұлы аулада ойнап жүріп, кіреберіс есікке шығуға тырысқан. Сол сәтте есіктің әйнегі сынып, баланың аяғын терең жарақаттаған.

    Баланың жағдайының ауыр екенін түсінген полиция капитаны Еламан Масалимов пен полиция аға лейтенанты Медет Смагулов анасы мен баланы патрульдік көлікке отырғызып, ауруханаға қарай шұғыл жолға шыққан.

    Полицейлер зардап шеккен баланы облыстық аурухананың қабылдау бөліміне небәрі 12 минутта жеткізді. Ауруханаға келген бойда полиция қызметкерлері баланы қолдарына алып, уақыт жоғалтпастан ішке кіргізген.
    Дәрігерлер баланы бірден қабылдап, шұғыл түрде ота жасаған.

    Баланың анасы:

    «Баламның аяғынан қан тоқтамай, қатты қорқып кеттім. Не істерімді білмедім. Жол бойында полицейлерді көріп, көмек сұрадым. Олар бірден көмектесіп, баламды көлікке отырғызды. Бізді небәрі 12 минутта ауруханаға жеткізді. Сол сәтте бұл мен үшін үлкен көмек болды. Полицейлерге шын жүрегімнен алғыс айтамын», – деді.


    Мұндай жағдайларда әрбір секундтың маңызы зор. Полицейлердің жедел әрі сабырлы әрекетінің арқасында бала дер кезінде қажетті медициналық көмекке жеткізілді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының Полиция департаменті" жаңалықтары