Талдықорғанда спорт күніне орай үздік спортшылар мен жаттықтырушыларға құрмет көрсетілді. «Green Villa» демалыс орнында өткен салтанатты шарада қала әкімі Ернат Бәзіл спорт саласының дамуына елеулі үлес қосқан 76 азаматты кәсіби мерекемен құттықтап, марапаттар табыстады.
Марапат иелерінің қатарында әлемдік және республикалық додаларда ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылар, сала ардагерлері, жас спортшылар мен жаттықтырушылар да бар.
Қала әкімі Ернат Бәзіл:
– Қаламызда бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеміз. Жыл басынан бері 260-тан астам спорттық іс-шара өтіп, оған 16 мыңнан астам тұрғын қатысты. «Taldykorgan CUP», «Мектеп Барысы», спартакиадалар мен түрлі спорттық фестивальдер дәстүрлі түрде ұйымдастырылуда. Биыл 15 жылдан кейін «Былғары доп» турнирін қайта жаңғыртып, 2 мыңға жуық жас футболшының басын қостық. Бұл жұмыстардың барлығы тұрғындарды, әсіресе балалар мен жастарды спортқа кеңінен тартуға бағытталған, – деді.
Айта кетейік, Талдықорғанда спорт инфрақұрылымын дамытуға мемлекетпен қатар кәсіпкерлер мен меценаттар да белсенді атсалысуда. Олардың қолдауымен жаңа спорт нысандары бой көтеріп, тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалуда.
Еске салсақ, 2024 жылы волейболға арналған спорт кешені мен үстел теннисі орталығы пайдалануға берілді. Ал биыл ақпан айында заманауи көркем гимнастика спорт кешені ашылды. Сонымен қатар, қазіргі таңда мүгедектігі бар азаматтарға арналған инклюзивті спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









