Қазақстан мен Бельгия дипломатиялық қатынастарының 34 жылдығына орай Брюссельде велошеру өтті

    Қазақстан мен Бельгия дипломатиялық қатынастарының 34 жылдығына орай Брюссельде велошеру өтті

    Брюссель, 2026 жылғы 16 тамыз — Қазақстан Республикасының Спорт күніне орай Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігі Брюссельде Қазақстан мен Бельгия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 34 жыл толуына орай велошеру ұйымдастырды.

    Қатысушылар Бельгияның ең танымал көрікті орындарының бірі әрі болашаққа ұмтылыстың символы саналатын Атомиумнан жолға шығып, дипломаттармен, Бельгияда тұратын отандастарымыз бен студенттермен, сондай-ақ бельгиялық серіктестер мен Қазақстанның достарымен бірге белгіленген маршрут бойынша жүріп өтті.

    Велошерудің құрметті қатысушысы — белгілі қазақстандық велошабандоз, «Astana» велокомандасының бұрынғы мүшесі, Олимпиада ойындарының қатысушысы Андрей Кашечкин болды.

    Іс-шараны ашқан Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко 34 жыл ішінде Қазақстан мен Бельгия өзара құрмет пен сенімге негізделген берік әріптестік орнатқанын атап өтті. Оның айтуынша, велоспорт екіжақты қатынастардың сипатын символдық тұрғыдан айқын бейнелейді: алға жылжу үшін тепе-теңдік, серпін және өзара қолдау қажет.

    Велошеру достық әрі бейресми жағдайда өтіп, Спорт күнін және екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар орнаған күнін бірге атап өтуге жақсы мүмкіндік болды.

    Екіжақты қатынастардың жаңа маңызды кезеңі осы күзде күтілуде: Бельгиялықтар Королі Филипптің Қазақстанға мемлекеттік сапары жоспарланып отыр. Бұл сапар екі ел арасындағы достық пен әріптестікті одан әрі нығайтудағы маңызды оқиға болмақ.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Бельгия Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Елшілігі" жаңалықтары