
Эрсталь – Серен – Визе, 2026 жылғы 16 қыркүйек – Валлония өңіріне жұмыс сапары аясында Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко жетекші өнеркәсіптік компаниялар – «FN Browning Group» және «John Cockerill» басшылығымен, сондай-ақ Эрсталь және Визе қалаларының басшыларымен кездесулер өткізді.
Серен қаласында Елші «John Cockerill» компаниясының Бас директоры Жан-Люк Моранжбен келіссөздер өткізді. Кездесу барысында ол компанияның ғасырдан астам тарихы және технологиялық шешімдерімен танысты. Энергетика және инфрақұрылым, жаңартылатын энергия көздері, жасыл сутегі, өнеркәсіпті декарбонизациялау, металлургия және заманауи өнеркәсіптік технологиялар салаларындағы ынтымақтастық перспективалары қарастырылды. Қазақстан тарапы «John Cockerill» компаниясының Қазақстандағы қызметін түрлі бағыттар бойынша кеңейтуге қызығушылық білдірді.
John Cockerill мен Qarmet арасындағы ыстықтай мырыштау және полимерлік жабындар бойынша жаңа кешен салу жөніндегі ынтымақтастық табысты мысал ретінде атап өтілді. Сонымен қатар бельгиялық компанияның Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздері, сутегі және дәстүрлі энергетиканы дамыту жобаларына қатысу әлеуеті талқыланды. 2025 жылы Қазақстанда электр энергиясын өндірудегі ЖЭК үлесі шамамен 7%-ға жетті, ал 2030 жылға қарай стратегиялық мақсат – 15%.
Эрсталь қаласында Р.Василенко FN Browning Group-тың тұрақты даму және мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі директоры Матье Рикевертпен және қала мэрі Фредерик Даерденмен кездесті. Кездесу барысында Елші компанияның тарихымен және оның технологиялық шешімдерімен танысты.
Визе қаласында Елші қала мэрінің міндетін атқарушы Франсис Тёниссенмен кездесті. Тараптар тікелей муниципалдық байланыстарды, мәдени және спорттық алмасуларды, сондай-ақ Визе–Льеж өңірінің қазақстандық велоспортпен тарихи байланыстарын талқылады. Қазақстан тарапы қалалардың өнеркәсіптік сипатын және қалалық трансформация, өнеркәсіптік мұра, білім, мәдениет және спорт салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын ескере отырып, Визе мен Қазақстан қалаларының арасында бауырлас қалалар қатынастарын орнату мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Сонымен қатар 2027 жылы Қазақстан мен Бельгия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуына орай велошеру өткізу мүмкіндігі талқыланды. Визе велоспорт тарихында ерекше орын алады: 2012 жылы қала Tour de France-тың Visé–Tournai кезеңінің бастапқы нүктесі болды, ал Льеж–Визе өңірі көптеген жылдар бойы қазақстандық кәсіби велошабандоздарды даярлаумен байланысты.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар нақты өнеркәсіптік, энергетикалық, муниципалдық және гуманитарлық жобаларға баса назар аудара отырып, практикалық диалогты жалғастыруға мүдделілігін растады.
Анықтама үшін: Валлония — Бельгияның үш өңірінің бірі, құрамына бес провинция кіреді және халқы шамамен 3,71 млн адамды құрайды. 2024 жылы өңірдің ЖІӨ шамамен 144 млрд еуроға, яғни Бельгия ЖІӨ-нің шамамен 23%-ына жетті; болжам бойынша2026 жылы бұл көрсеткіш 155 млрд еуроны құрауы мүмкін. Валлония экономикасы өнеркәсіп, металлургия, машина жасау, химия, фармацевтика, энергетика және логистика салаларына маманданған. Эрсталь, Серен және Визе қалалары орналасқан Льеж провинциясы өңірдің негізгі өнеркәсіптік және логистикалық орталықтарының бірі болып табылады, мұнда металлургия, машина жасау, қорғаныс өнеркәсібі, энергетика және жоғары технологиялар салалары, соның ішінде John Cockerill және FN Browning Group шоғырланған.








