ОСК мүшелері Атырау облысында Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық барысымен танысты

    ОСК мүшелері Атырау облысында Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық барысымен танысты

    2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық барысын пысықтау мақсатында 13–14 тамыз күндері Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманақұмов және Орталық сайлау комиссиясы аппаратының электоралдық оқытуды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Ерлан Абдакасов Атырау облысында инспекциялық сапармен болды.

    Сапар барысында сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтардың дауыс беру құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында құрылған арнайы сайлау учаскелерінің жұмысына ерекше назар аударылды.

    Атырау облысының аумағында вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтардың дауыс беру мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін екі жаңа сайлау учаскесі құрылды. Оның бірі – Атырау қаласы әкімінің шешімімен «NCOC» компаниясының «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау зауытының «Самал» вахталық қалашығының аумағында, екіншісі – Жылыой ауданы әкімінің шешімімен Прорва кен орнындағы «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-ның «Каспий самалы» вахталық қалашығының аумағында құрылған.

    Орталық сайлау комиссиясының өкілдері «NCOC» компаниясының «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау зауытының «Самал» вахталық қалашығының аумағында орналасқан №288 сайлау учаскесінің дайындығымен танысты.

    Инспекциялық топтың негізгі мақсаттарының бірі сайлау комиссиялары мүшелері үшін ұйымдастырылған оқыту процесімен танысу. Осы ретте Атырау қаласындағы Абай орталығында өткізілген «2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткізу» тақырыбындағы семинарға қатысты.

    Семинар барысында облыстық және қалалық, аудандық аумақтық сайлау комиссияларының, сондай-ақ Атырау қаласындағы учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен сайлауды дайындау мен өткізудің Күнтізбелік жоспары, сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістер және жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.

    Қатысушылардың практикалық дағдыларын жетілдіру мақсатында сайлау өткізуге қатысты кейстер мен сайлау құжаттарымен жұмыс жүргізілді. Сонымен қатар комиссия мүшелерінің білім деңгейін бағалау үшін тестілеу ұйымдастырылды.

    Инспекциялық сапар аясында Орталық сайлау комиссиясының өкілдері Атырау қаласындағы №275 және №285 учаскелік сайлау комиссияларының жұмысымен танысты.

    Сапардың екінші күні аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, тиісті мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының байқаушылары Emil Shakir Uulu мен Isabelle Boutronның қатысуымен жұмыс кеңесі өткізілді.

    Кеңес барысында Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындықтың негізгі бағыттары талқыланды.

    Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов өңірдің сайлауға дайындығы туралы баяндады. Атырау облысы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасы бастығының орынбасары Аскар Изтаев сайлауды дайындау және өткізу барысында заңдылықтың сақталуы жөніндегі жұмыстарға тоқталды.

    Атырау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ернар Базаров сайлау барысында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы, ал Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жантөре Демешов дауыс беру күні сайлау учаскелеріндегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөнінде ақпарат берді.

    Бұдан бөлек, Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Құралай Тлеумагамбетова дауыс беру күні мүгедектігі бар азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

    Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаева өңірдегі Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық барысы туралы ақпарат берді.

    Іссапар соңында Орталық сайлау комиссиясының өкілдері Атырау қаласындағы №90 және №262 учаскелік сайлау комиссияларының жұмысымен танысып, сайлау учаскелерінің дауыс беру күніне дайындығын зерделеді.

    Инспекциялық сапардың қорытындысы бойынша сайлауды ұйымдастырудың негізгі бағыттары, сайлау комиссияларының дайындығы, сайлаушылардың құқықтарын қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздік пен сайлау учаскелеріндегі қажетті жағдайларды қамтамасыз ету мәселелері пысықталды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Атырау облысының әкімдігі" жаңалықтары