
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өндірістік жарақаттанудың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейтуде. Еңбек министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті еліміз бойынша 500 мыңнан астам жұмыс берушіге еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды күшейту жөніндегі ұсынымдарын жолдады. Бұл шара профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыруға, жұмыс орындарындағы тәуекелдерді уақтылы анықтауға және еңбек қызметімен байланысты жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша еліміздің кәсіпорындарында 727 жұмыскер зардап шеккен. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 24,5%-ға өсіп отыр. Бұл ретте ауыр жарақат алған жұмыскерлер саны 409-дан 476 адамға дейін, яғни 16,4%-ға артқан. Жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру материалдарының талдауы көрсеткендей, өндірістік жарақаттанудың негізгі себептерінің қатарында – жұмыстарды қауіпсіз орындауды ұйымдастырудың жеткіліксіздігі, қауіпсіздік талаптарының сақталуына тиісті бақылаудың болмауы, ақауы бар жабдықтарды пайдалану, сондай-ақ қауіптілігі жоғары жұмыстарды жүргізу кезіндегі талаптардың бұзылуы кездеседі. Бұдан бөлек, жазатайым оқиғалардың орын алуына ықпал ететін факторлар ретінде нұсқама беру мен жұмыскерлерді оқытуға формалды түрде қарау, жеке қорғаныш құралдарымен қамтымау немесе оларды қолданбау, сондай-ақ жұмыс орындарының жай-күйіне бақылаудың жеткіліксіздігі атап өтіледі. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілерге еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға бағытталған ішкі бақылауды барынша күшейтуді ұсынады. Атап айтқанда:
- еңбек қатынастарын заң талаптарына сай рәсімдеп, еңбек шарттары туралы ақпаратты Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕАБЖ) уақытында енгізуі керек;
- жұмыскерлерді еңбек міндеттерін орындау кезінде болатын жазатайым оқиғалардан заңнамаға сәйкес міндетті түрде сақтандыруы қажет;
- қызметкерлерге еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша тұрақты түрде оқыту өткізіп, нұсқама беріп, олардың білімін тексеріп отыру;
- заңда көзделген жағдайларда жұмыскерлердің міндетті медициналық тексеруден уақытында өтуін қамтамасыз етуі қажет;
- қызметкерлерді жарамды жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге тиіс;
- жұмыс орындарындағы кәсіптік тәуекелдерді анықтап, олардың деңгейін төмендету бойынша шаралар қабылдауы қажет;
- еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға жауапты қызметтер мен мамандардың, өндірістік кеңестердің және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасауы керек.









