
Ақтөбеде патрульдік полиция қызметкерлері таңғы сағат 5:00 шамасында орталық даңғылдардың бірінде шетелдік есептегі Kia Optima автокөлігін тоқтатты.
Тексеру барысында 20 жастағы жүргізушіден алкоголь иісі сезіліп, масаңдық белгілері байқалған. Жүргізілген медициналық куәландыру оның алкогольдік масаң күйде болғанын растады.
Дерекқор арқылы жүргізілген тексеру кезінде жас жігіттің осыдан небәрі екі ай бұрын көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылғаны анықталды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Автокөлік арнайы тұраққа қойылып, жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері 751 мас жүргізушіні анықтаған. Олардың 355-і бұған дейін көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін көлік жүргізу құқығынан айырылған.
Полиция департаменті көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқару жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіретінін еске салады. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жекелеген жүргізушілер алкоголь ішкеннен кейін, тіпті көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, қайтадан рөлге отыруда.
Полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және көлік құралын масаң күйде басқаруға жол бермеуге шақырады.









