
ӨНДІРІС ӨРКЕНДЕСЕ, ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ КӨБЕЙЕДІ
Жетісай ауданында өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру мақсатында аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен алқалы жиын өтті.
Жиынға қала, кент және бірнеше ауылдық округ әкімдерімен қатар, аудан кәсіпкерлері қатысты. Күн тәртібінде қала мен кентте, сондай-ақ, ауылдық округтерде шағын өндірістік парктер құру, жеке инвесторлардың қаржысы есебінен жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету және салықтық түсімдерді арттыру мәселелері қаралды.
Аудан әкімі кәсіпкерлермен пікір алмасып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жүзеге асырылуы жоспарланған бизнес жобалар таныстырылып, қаржыландыру тетіктері мен өндірісті дамытуға қажетті қолдау шаралары талқыланды.
Ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған нақты жобалардың жүзеге асырылуының нәтижесінде қазірдің өзінде аумағы 59 гектарды құрайтын «Жетісай» өңірлік маңызы бар индустриялық аймағы құрылған. Мұнда инвесторлардың жеке қаражаты есебінен жалпы құны 30,3 млрд теңгені құрайтын 5 заманауи зауыттың екеуі іске қосылса, қалған 3 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жобалар толық қуатына шыққанда мыңға жуық тұрғынды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Сонымен бірге, жалпы аумағы 1 гектарды құрайтын шағын өндірістік паркінде құны 650 млн теңге болатын 5 жоба жүзеге асырылуда. Оның қатарында жиһаз өндіру цехы, ауыл шаруашылығы техникаларына арналған қосалқы бөлшектер өндіру кешені, түйіршіктелген құрама жем өндіру, темір бұйымдарын дәнекерлеу және химиялық жуғыш заттар шығару цехтары бар.
Айта кетейік, соңғы бес жылда ауданға 90,2 млрд теңгенің инвестициясы тартылса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 419,6 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
«Бүгінгі міндет – инвестиция көлемін арттырумен ғана шектелмей, әрбір елді мекенде өндірісті жолға қою, жаңа кәсіпорындар ашу және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту. Сондықтан, шағын өндірістік парктерді дамыту мен жергілікті кәсіпкерлердің жаңа жобаларын қолдау – ауданның экономикалық өсімінің маңызды бағыттарының бірі.
Өндіріс дамыған жерде жұмыс орны көбейеді, кәсіпкерлік жанданады, салықтық түсім артады. Бұл өз кезегінде ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеріп, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді» деді аудан әкімі жиын соңында.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі






