Қазақстанда 589 дәрілік препараттың бағасы төмендеді

    ·Жаңалықтар мұрағаты
    Қазақстанда 589 дәрілік препараттың бағасы төмендеді

    Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті дәрілік заттардың бағасына тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Қазақстанда шілде айында 589 дәрілік заттардың бөлшек саудадағы бағасы төмендеді. Мониторинг елдің 20 өңіріндегі 2 555 атаудағы дәрілік затты қамтыды.
    Бақыланған дәрілік заттардың шамамен жартысының – 1 267 дәрілік заттардың бағасы өзгеріссіз қалды. Ал 147 дәрілік заттың бағасы 20%-дан астам төмендесе, тағы 198 дәрілік заттың бағасы 10–20%-ға, 244 атаудың бағасы 5–10%-ға арзандаған.
    Бағасы төмендеген дәрілік заттардың қатарында жұқпалы ауруларды, жүрек-қан тамырлары ауруларын және асқазан-ішек жолы ауруларын емдеуде кеңінен қолданылатын дәрілік заттар бар.
    Атап айтқанда, Зитмак®️ 250 мг №6 бағасы 24,25%-ға, Цефтриаксон 1 г – 22,03%-ға, Пантап®️ 20 мг №14 – 20,1%-ға төмендеді. Сондай-ақ Лизиноприл-ЛФ 20 мг №10 – 14,7%-ға, Энап®️ 5 мг №10 – 13,27%-ға, Пульмикорт 0,25 мл – 11,09%-ға, Амоксиклав 875 мг/125 мг – 6,86%-ға арзандады.
    Дәрілік заттардың нақты бағасына мониторинг таңбалау және қадағалау жүйесі арқылы жүргізіледі. Бұл жүйе медициналық ұйымдар мен дәріханалардағы дәрілік заттардың қозғалысы мен қолжетімділігін бақылауға, сондай-ақ нақты сату бағасын мемлекет бекіткен шекті бағалармен салыстыруға мүмкіндік береді.
    Тұтынушылар үшін дәрілік заттардың бағасын тексерудің қосымша құралы – Naqty Onim мобильді қосымшасы. Онда дәрілік заттардың өндірушісі мен дистрибьюторы, сатылатын дәріхана және оған белгіленген шекті бөлшек сауда бағасы туралы ақпаратты көруге болады.
    Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеу тәсілдерін қайта қарады. Енді негізгі назар халық үшін әлеуметтік маңызы бар және сұранысқа ие дәрілік заттарға аударылып отыр.
    Тізбені өзектендіру нәтижесінде мемлекеттік баға реттеу 3 039 рецепт арқылы босатылатын дәрілік заттарға қолданылады. Сонымен бірге 4 918 дәрілік заттар мемлекеттік реттеуден шығарылды. Олардың қатарында рецептсіз босатылатын дәрілік заттар және құны бір айлық есептік көрсеткіштен аспайтын рецептпен босатылатын дәрілік заттар бар.
    Департамент шекті бағалардың сақталуын бақылауды жалғастыруда: Заңнама талаптары бұзылған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 426 бабына сәйкес әкімшілік шаралар қабылданады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары