Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық ота жасайтын клиникаларға жоспардан тыс тексеру жүргізеді.
Бұл шешім медициналық қызмет сапасы мен пациент қауіпсіздігін бақылауды күшейту үшін қабылданды.
2021 жылдан бері пластикалық хирургия саласында 92 жоспардан тыс тексеру өткен. Нәтижесінде лицензия талаптары мен медициналық көмек көрсету ережелерін бұзу деректері анықталды. Кейбір ұйымдар қажетті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген.
Заң бұзушылықтар бойынша 24 әкімшілік хаттама толтырылып, 4,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды.
"Қазіргі таңда прокуратурадан 122 клиникаға тексеру бойынша тапсырыс түсті. Оның ішінде ең көп клиникалар - Алматы мен Астана қаласында. Енді сол бойынша біздің департамент арнайы комиссияны жасақтап жатыр. Тәуелсіз сарапшыларды қосымша осы комиссия құрамына бекітеміз. Сол бойынша бүкіл клиникаларды тексеруді жоспарлап отырмыз" - деді ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов.





