
ШҚО-да бейнебақылау камералары жеті айда 16 мыңнан астам құқықбұзушылықты анықтады
Бейнебақылау камералары Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің тиімді құралдарының біріне айналып отыр. Олардың жұмысы мен ШҚО Полиция департаменті бөлімшелерінің Жедел басқару орталықтарының мүмкіндіктері арқасында ағымдағы жылдың жеті айында 16 289 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.
Тіркелген деректердің көп бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты — 11 688 жағдай. Бұдан бөлек, камералар қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішудің 1 759 фактісін анықтауға көмектесті. Полиция қызметкерлері әрбір анықталған құқықбұзушылық бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылдады.
Бейнебақылау жүйесінің жұмысы полицияға құқықбұзушылықтарды тек тіркеп қана қоймай, оларға жедел ден қоюға, ықтимал заңбұзушылықтардың алдын алуға және өңір көшелеріндегі тәртіпті сақтауға мүмкіндік береді. Технологиялық шешімдердің полиция қызметкерлерінің кәсіби жұмысымен ұштасуы профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыра түседі.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті заңды сақтау, қоршаған ортаға құрметпен қарау және әрбір азаматтың жауапты әрекеті қоғамдағы қауіпсіздік пен тәртіптің негізі екенін еске салады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі









