
Жұмыс барысында мониторингтік топ Ертіс, Достық және Жиенәлі ауылдық округтерінде болып, ауыл тұрғындарымен әкімшілікте кездесу өткізіп және әр үй ауласы мен шаруа қожалықтарына түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында елді мекендер мен автомобиль жолдарының бойында ауыл шаруашылығы жануарларын қараусыз жіберуге болмайтыны, олардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіні айтылды.
Сонымен қатар, мал иелеріне ауыл шаруашылығы жануарларын уақытылы бірдейлендіру (чиптеу), оларды заңнама талаптарына сәйкес күтіп-бағу және бағуды ұйымдастыру, сондай-ақ жануарлардың қараусыз жайылуына жол бермеу жөніндегі міндеттері егжей-тегжейлі жеткізілді.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жануарларды қараусыз жіберу, оларды күтіп-бағу қағидаларын бұзу және осының салдарынан қоғамдық қауіпсіздікке немесе жол қозғалысына қауіп төндіру фактілері анықталған жағдайда, кінәлі тұлғаларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделетіні ескертілді.
Мониторингтік топ алдағы уақытта да ауылдық округтерде түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізетін болады.








