Қарттар күні: Жетісу облысында 6 белсенді өмір сүру орталығы жұмыс істейді

    Қарттар күні: Жетісу облысында 6 белсенді өмір сүру орталығы жұмыс істейді

    Жетісу облысында 98 мың зейнеткер бар. Қарттарды қолдау мақсатында өңірде әлеуметтік, медициналық және сауықтыру бағыттарындағы кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар белсенді ұзақ өмір сүруге, өзара қарым-қатынасқа және мазмұнды демалыс өткізуге қолайлы жағдайлар жасалуда, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

    Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының жұмысы - осындай негізгі бағыттардың бірі. Алакөл, Сарқан, Көксу, Панфилов аудандарында, сондай-ақ Талдықорған қаласында жалпы саны 6 орталық жұмыс істейді. Күн сайын олардың қызметін 500-ге жуық қарт адам пайдаланады.

    Орталықтардың басты міндеті – зейнет жасындағы адамдардың белсенді өмір салтын қолдау, олардың қоғаммен етене араласуына ықпал ету, физикалық және психологиялық денсаулығын нығайту, сондай-ақ білім алуына және өзара қарым-қатынас жасауына мүмкіндік туғызу.

    Мұнда келушілер үшін еңбек терапиясы, сурет салу, скандинавиялық жүріс, йога және фитнес сабақтары өткізіледі. Үстел теннисі, шахмат, дойбы, бильярд, тоғызқұмалақ үйірмелері жұмыс істейді. Сондай-ақ би, вокал және хор өнері, тігін тігу мен қолөнер сабақтары ұйымдастырылған. Қарт адамдар ағылшын және қазақ тілдерін үйреніп, компьютерлік және қаржылық сауаттылығын арттыра алады, массаж қызметін алып, басқа да сауықтыру шараларына қатысады.

    Жалғызбасты қарт адамдар мен қосымша әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға да ерекше көңіл бөлінуде. Халықаралық қарттар күніне орай өңірде онкүндік іс-шаралары ұйымдастырылып жатыр. Оның аясында қарт адамдар мен мүгедектігі бар азаматтарды қолдау бағытында мерекелік, әлеуметтік және қайырымдылық шаралары өткізіледі. Жалпы, мерекелік онкүндік аясында облыстың аудандары мен қалаларында 40-қа жуық негізгі ірі іс-шара өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, жалғызбасты қарт адамдарға үй шаруасына көмектесу, қысқы отынын дайындауға жәрдемдесу, азық-түлік себеттерін табыстау, тұрмыстық қызметтерді тегін көрсету, сондай-ақ медициналық тексеруден өтуіне қолдау көрсету жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар саябақтарда бірге серуендеу, қарт адамдардың өмір жолы, еңбек тәжірибесі мен естеліктеріне арналған әңгіме-сұхбаттар ұйымдастырылады.

    «Халықаралық қарттар күні – аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, олардың көп жылғы еңбегі мен қоғамның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіруге мүмкіндік беретін маңызды күн. Онкүндік аясында біз тек мерекелік іс-шараларға ғана емес, қарт адамдарға нақты қолдау көрсету шараларына да ерекше көңіл бөлеміз. Бұл жұмысқа мекемелер, қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер мен жастар белсенді түрде атсалысуда», – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев.

    Осылайша, өңірде өткізіліп жатқан іс-шаралар күнделікті әлеуметтік қолдаудан бастап, денсаулықты нығайту, белсенді ұзақ өмір сүру және мазмұнды демалысты ұйымдастыру мәселелерін қамтып отыр. Еске салсақ, Халықаралық қарттар күніне арналған онкүндік 10 қазанға дейін жалғасады.

    Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

    Фотосуреттер авторлары: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алакөл ауданының әкімдігі" жаңалықтары