Солтүстік Қазақстан облысында Орталық Азиядағы ең ірі сауу қондырғысымен жабдықталған мегаферма ашылды.

    Солтүстік Қазақстан облысында Орталық Азиядағы ең ірі сауу қондырғысымен жабдықталған мегаферма ашылды.

    Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі көшбасшы мәртебесін нығайта түсуде. Өңірде Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі «Карусель» сауу қондырғысымен (100 басқа арналған) жабдықталған тағы бір заманауи сүт-тауар фермасы пайдалануға берілді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

    Жоғары технологиялық сүт кешендерін дамыту Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылуда. Солтүстік Қазақстан облысында заманауи сүт-тауар фермаларын салудағы оң тәжірибе бүгінде еліміздің барлық өңірлеріне таратылып, агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың ең табысты үлгілерінің біріне айналды.

    Жаңа жобалар Қазақстан Республикасы Президенті жүктеген стратегиялық міндеттерге толық сәйкес келеді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін 70 пайызға дейін жеткізу, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, қайта өңдеу өнеркәсібі үшін заманауи шикізат базасын қалыптастыру және ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген.

    Саланы дамытудың кезекті кезеңі Мағжан Жұмабаев ауданында жүзеге асырылды. Мұнда «СК Агро 2050» сүт-тауар фермасы іске қосылды. Жоба толық өндірістік қуатына шыққаннан кейін кәсіпорын тәулігіне 150 тоннаға дейін сүт өндіретін болады.

    Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 30 млрд теңгені құрайды. Оны жүзеге асыру нәтижесінде 120-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылады.

    Жобаның басты ерекшелігі – Германияның GEA WESTFALIA бренді шығарған, 100 басқа арналған «Карусель» сауу қондырғысының орнатылуы. Бұл – Орталық Азиядағы ең ірі сауу жүйесі. Қондырғы жоғары өнімділікті, малдың жайлылығын және өндірістік процестің толық цифрландырылуын қамтамасыз етеді.

    Фермада енгізілген барлық технологиялық шешімдер әлемдік сүт шаруашылығы стандарттарына сәйкес келеді. Мұнда табынды автоматтандырылған басқару жүйесі, азықтандыруды цифрлық бақылау, толық компьютерлендірілген құрамажем зауыты және жануарлардың денсаулығын интеллектуалды бақылау жүйелері жұмыс істейді. Малды сауу залына жеткізуден бастап, жаз мезгілінде қора-жайларды салқындатуға дейінгі барлық өндірістік процестер дерлік автоматтандырылған.

    «Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы сүтті мал шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу бойынша еліміздің сөзсіз көшбасшысы болып табылады. Өңірдегі 118 сүт-тауар фермасының 50-ден астамы бүгінде “ақылды” кәсіпорын форматында жұмыс істейді. Геннадий Зенченконың жаңа фермасында шамамен 9 мың бас мал бар, оның ішінде 3,6 мың басы – сауын сиыр. Мұнда Германияның GEA WESTFALIA компаниясының 90 басқа арналған сауу каруселі жұмыс істейді. Ал жаңа “СК Агро 2050” кешені бұдан да ауқымды болмақ. Мұнда жалпы мал басы 12 мыңға дейін жетеді, ал 100 басқа арналған сауу қондырғысы Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы ең ірісі болады», – деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

    Жобаның алғашқы кезеңінде 800 басқа арналған сиыр қорасы, заманауи сүт блогы, 550 басқа арналған құрғақ кезең мен төлдеу кезеңіндегі малды ұстау ғимараты, екі бұзау қорасы және жоғары технологиялық құрамажем зауыты салынды.

    «Жыл басынан бері Германиядан әуе көлігімен жоғары өнімді асыл тұқымды 585 бас ірі қара әкелінді. Жыл соңына дейін Еуропа елдерінен тағы 660 бас жеткізу жоспарланып отыр», – деді «СК Агро 2050» сүт-тауар фермасының бас технологы әрі басқарушысы Владимир Сергеев.

    Оның айтуынша, заманауи цифрлық технологиялар сауу процесін, жануарлардың жағдайын және өндірілетін өнімнің сапасын толық бақылауға мүмкіндік береді.

    Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы еліміздегі сүтті мал шаруашылығын дамытудың жаңа стандартын қалыптастырып келеді. Өңірде заманауи сүт-тауар фермаларын салу бағдарламасы аясында жалпы құны 144,5 млрд теңгені құрайтын 44 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл облысты Қазақстандағы жоғары технологиялық сүт өндірісінің мойындалған орталығына әрі Орталық Азиядағы аграрлық жаңғыртудың жетекші өңірлерінің біріне айналдырып отыр.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қостанай облысы Қостанай ауданы Надеждин ауылдық әкімшілігі" жаңалықтары