
Бүгін Алматы хайуанаттар бағында ерекше күн – хайуанаттар бағының ең танымал мекендеушілерінің бірі, куба қолтырауыны Фидель, өзінің 40 жылдық мерейтойын атап өтуде.
Фидель 1986 жылы дүниеге келген. Ал 2001 жылы Латвияның астанасы Рига қаласындағы зообақтан Алматы хайуанаттар бағына әкелінген. Содан бері келушілер мен қызметкерлердің сүйіктісіне айналды. Бүгінде Фидель – куба қолтырауындарының ішіндегі ең ересек өкілдердің бірі. Оның ұзындығы шамамен 4 метр.
Мерейтойына орай Алматы хайуанаттар бағының қызметкерлері Фидельге ерекше сый әзірледі. Қолтырауындар тәтті жемейтіндіктен, мерекелік «торт» оның сүйікті асы – сиыр етінен дайындалды. Бұл жануардың табиғи қоректену ерекшелігіне толық сәйкес келеді.
«Фидель өзін сергек сезінеді, белсенді, тәбеті жақсы және мамандардың тұрақты бақылауында. Ол зообағымыздағы Экзотариумның нағыз символына айналды. Оның өзіне тән мінезі мен әдеттері бар, оны қызметкерлеріміз жақсы біледі. Қырық жас – куба қолтырауыны үшін шек емес. Дұрыс күтім жасалған жағдайда олар бұдан да ұзақ өмір сүре алады», – дейді Алматы хайуанаттар бағы Экзотариум бөлімінің жетекшісі Александр Гурнев.
Куба қолтырауыны – ежелгі бауырымен жорғалаушылар тобына жататын сирек түр. Зат алмасу ерекшелігіне байланысты олар қорегін ұзақ уақыт қорытады. Сондықтан Фидель зообақта аптасына бір рет қана қоректенеді. Әдетте қоректендіру сейсенбі күндері сағат 14:00-15:00 аралығында өтеді. Бұл көріністі келушілер тамашалай алады.
40 жыл ішінде Фидель жай ғана зообақ тұрғыны емес, келушілерге қолтырауындардың тіршілігі, мінез-құлқы және сирек кездесетін түрлерді сақтаудың маңызын таныстыратын ерекше символға айналды.
Алматы хайуанаттар бағының ұжымы Фидельді мерейтойымен құттықтаған келушілерге алғыс білдіріп, барлық жылы лебіздер мерейтой иесіне «жеткізілетінін» атап өтті.









