
Ата заңымыз – еліміздің тарихындағы жаңа белестің, түбегейлі жаңғырудың бастауы. Ол – жаңарған, Әділетті Қазақстанды қалыптастырудың басты кепілі.
Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен жүзеге асқан Конституциялық реформа жаңарған қоғамдық келісімді орнықтырып, алдағы бағыт-бағдарымызды нақты айқындап берді.
Жаңа Конституция бұрын болмаған бірнеше ерекшеліктерге ие.
Айрықша тоқталатын жайт, Ата заңның кіріспесінде еліміздің тарихи, мәдени құндылықтары ескеріліп, Әділетті Қазақстан идеясы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Заң және тәртіп» қағидаттарына басымдық берілген.
Әділетті қоғам құру енді саяси-идеологиялық ұстаным ғана емес, Ата заңмен анықталған басты бағдарға айналды.
Әділет жоқ жерде теңдік, еркіндік сынды құндылықтардың тұрақты сақталмайтындығы өмір дәлелдеген шындық. Осы ретте әділ қоғам құру идеясы аясында ізденіп, тарихта аты қалған ғұламалардың басым бөлігі әділдікті ізгі қоғам құрудың кілті ретінде қарағанына анық көзіміз жетеді.
Атап айтқанда, дала данышпаны әл-Фарабидің «Қайырымды қаланың тұрғындары» трактатында ізгі мемлекеттің негізгі мақсаты – адамдардың бақытқа және кемелдікке жетуіне жағдай жасау деген ой айтқан. Әрине, мұндай жағдай Әділдік салтанат құрған қоғамда ғана орнығатыны анық. Әл-Фарабидің бұл тұжырымы бүгінгі конституциялық реформаның әлеуметтік және рухани қағидаттарымен жан-жақты үндеседі.
Бұдан бөлек, әйгілі ойшыл Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» шығармасында мемлекеттік басқаруды дұрыс жүзеге асыру үшін қажет төрт қағиданы негіздеген. Соның ең басына әділдікті қойған. Әділдікті күнге теңеген. Бұл салыстырудың мәні аспан жарығы барлығына бірдей, біркелкі, ешкімді алаламай нұрын төгетіні сияқты, әділдік те күн тәрізді барлығына ортақ игілік. Әділдікті ойшыл елдің ортақ игілігі ретінде қараған. Мұның астарында бақытты қоғам орнатудың кілті әділ қоғам құруда деген ой жатыр.
Хакім Абай болса «Әділет – барша ізгіліктің анасы. Ынсап, ұят – бұл әділеттен шығады» деп жазады. «Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ» деген сөз де ғұлама Абайға тиесілі. Көріп отырғанымыздай, қай заманда болмасын ойшылдар әділдікті қоғамның басты құндылығы ретінде қараған.
Әділетті Қазақстан ұғымын Ата заңымызда орнықтыру – біздің мемлекет ретінде баршаға ортақ ізгі қоғам құруға жасаған нақты қадамымыз.
Мемлекеттің кейінгі уақыттағы адам капиталын дамытуға бағдарланған іргелі қағидалары Конституцияда айқын көрініс тауып отыр. Яғни Конституцияда халықтың кемелденуіне айқын жол ашатын құндылықтар мен қағидаттар негізгі басымдықтар ретінде қабылданды.
Конституциядағы басты ерекшелік – білім мен ғылымға, мәдениет пен инновацияға арнайы көңіл бөлінуі. Бұл мемлекеттің басты әлеуеті табиғи ресурстар емес, адам капиталында екендігін айғақтайды. Ата заңда адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп танылуы – бұрын-соңды болмаған өзгешелік. Бұл жаңаша көзқарас, жаңаша ұстаным. Алдағы бағдарымызды айқындаушы қағида.
Заманауи үрдістерге орын беріліп, цифрландыруға арнайы көңіл бөлу де Ата заңымыздағы өзгешеліктердің бірі. Конституцияда алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма көрсетілген.
Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген қанатты сөз бар. Ата заңда отбасы құндылықтарына назар аударылуы ерекше маңызға ие.
Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған бұл өзгерістердің барлығы елімізді дамудың жаңа белесіне көтерері анық.
Тәуелсіздікті қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, еңбексүйгіштік, білім құндылықтарын бекіту, жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау Конституцияда айқын көрініс тауып, мемлекет қызметінің басты бағдарлары ретінде нақты белгіленді.
Президенттің «Мемлекет адам үшін» деген іргелі қағидаты Халықтық Конституцияның өзекті идеясына айналғанын айта кету керек.
Мемлекет басшысы Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Халықтық Конституция – стратегиялық сенім мандаты және ұзақмерзімді мақсаттар мен өрлеу жолына бастайтын жаңа қоғамдық келісім және әлемдік өркениеттің биігіне бет алған ұлтымыздың берік әрі мызғымас тұғыры екендігін айтты. Президент «Жаңа Конституцияны қабылдау – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру деген сөз. Жаңа Ата заңды Әділетті Қазақстанның төлқұжаты десек, қателеспейміз» деп оның тарихи миссиясын нақты атап өтті.
Осы орайда, биыл 19 мамырда Президент қол қойған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заң конституциялық өзгерістердің қисынды жалғасы болып, қазіргі заманғы талаптар мен сын-қатерлерге сәйкес мемлекеттік қызметтің құқықтық және институционалдық негіздерін сапалы жаңғыртуға бағытталып отыр. Бұл шешімдер қабылдауда және мемлекеттің халықпен өзара іс-қимылында адамды басты орынға қоятын жаңа басқарушылық мәдениетті қалыптастыруды көздейді.
Заң деңгейінде алғаш рет мемлекеттік қызметті өткерудің негіздері айқындалды. Оларға патриотизм, кәсібилік, ашықтық, клиентке бағдарлану, әдептілік, мінсіз бедел, құқық бұзушылықтарға және мүдделер қақтығысына мүлдем төзбеушілік жатады. Бұл енді әрбір мемлекеттік қызметші міндетті түрде орындауға тиіс нақты талаптарға айналып отыр. Бұл ережелер мемлекеттік қызметтің миссиясы мен институционалдық мәнін мемлекеттің конституциялық маңызы бар міндеттерін іске асырудың негізгі институты ретінде көрсетеді.
Аталған ережелер мемлекет пен азаматтар арасындағы қоғамдық шарттың құқықтық негізін қалыптастырады, оның аясында мемлекеттік қызмет тиісті салаларда адам мен азаматтың конституциялық құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің іске асырылуын қамтамасыз етеді.
Заңдағы маңызды өзгерістер мемлекеттік қызметті қоғамның сұранысына жедел жауап беретін, сервистік сипаттағы басқару институтына айналдыруға бағытталған. Нәтижесінде мемлекеттік аппарат ашық, есеп беретін және адамға бағдарланған жүйе ретінде дамып, азаматтардың пікірі мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі мен мемлекеттік қызмет сапасын бағалаудың басты өлшеміне айналады. Бұл алдымен Мемлекет басшысы айқындаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін айта кету керек.
Осы мақсатта заңда көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге, азаматтардың сұраныстарына жедел ден қоюға және нәтижеге негізделген клиентке бағдарланған мемлекеттік қызмет моделі институционалдық тұрғыдан орнықтырылды. Бұл модель Мемлекет басшысы жариялаған «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидатына негізделеді және мемлекеттің халықпен өзара іс-қимылын құрудағы адамға бағдарланған тәсілді көрсетеді.
Осыған байланысты заңда формалды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салынып, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын іске асырудан формалды негіздер бойынша бас тартуға, оларды шектеуге немесе тоқтатуға жол берілмейтіні бекітілген. Бұл ереже төрешілдік, сөзбұйдалық көріністерін және азаматтардың құқықтарын іске асыруға кедергі келтіретін әкімшілік, цифрлық әрі құқықтық тосқауылдарды болдырмауға бағытталған.
Жаңа заңда мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талаптар айқындалған. «Заң және тәртіп» қағидатына ерекше мән беріліп, құқық бұзушылық пен мүдделер қақтығысына жол бермеу басты талап ретінде белгіленді.
Сонымен қатар заңмен мемлекеттік қызметтің гибридтік моделін енгізу арқылы мемлекеттік аппаратты одан әрі кәсібилендіру жөніндегі заңнамалық шаралар бекітілді.
Атқаратын лауазымы шеңберінде тек вертикалды ғана емес, сонымен қатар кәсіби дамуды да ұштастыратын көлденең мансаптық өсудің жаңа тұжырымдамасы енгізілді. Ол мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуын олардың еңбекақы төлеу деңгейімен өзара байланыстыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ білікті мамандарды тартуға ықпал етеді.
Мұның барлығы жаңа басқарушылық мәдениетті орнықтыруға септігін тигізетін болады.
Осылайша, мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң мемлекеттік қызмет жүйесінде Конституциялық қағидаттардың тиімді іске асырылуын құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған.
Қорыта айтқанда, жаңа заң Халықтық Конституцияға сай, адамға бағдарланған жаңа басқарушылық мәдениетті орнықтыруды көздейді.
Дархан ЖАЗЫҚБАЙ,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы
Дереккөз: https://egemen.kz/news/article418384-khalyqtyq-konstitutsiya-zhanha-basqarushylyq-madeniet








