
Аңызға айналған актер Джеки Чан Бакуға келді. Мұнда халықаралық шытырман оқиғалы «Құдай Сауыты 4: Ультиматум» фильмінің жекелеген көріністерін түсіру жұмыстары басталады.
Әлемге әйгілі актер Әзербайжан астанасында шамамен он күн болады. Бакудағы түсірілім процесін ұйымдастыруға Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшілігі қолдау көрсетуде.
Фильмнің негізгі түсірілім алаңы – Қазақстан. Аталған жоба бұған дейін Маңғыстау және Алматы облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында түсірілген. Қазақстан тарапының ұсынысымен Әзербайжан түсірілім өтетін екінші ел ретінде таңдалды.
Бакудағы түсірілім үшін қаланың ең танымал көрікті жерлері іріктелді. Фильмде Ескі қала, Таулы парк, Баку фуникулері, Жасыл театр және Субұрқақтар алаңы көрініс табады.
Жоба Қазақстан мен Әзербайжанның қатысуымен жүзеге асырылып, соңғы жылдары Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказда түсіріліп жатқан ең ауқымды халықаралық киножобалардың біріне айналды. Екі елдің фильм өндірісіне қатысуы киноиндустрия саласындағы өңірлік ынтымақтастықтың кеңейіп келе жатқанын көрсете отырып, мәдени және туристік әлеуеттерін әлемдік деңгейде ілгерілетуге қосымша мүмкіндіктер ашады.




