АУДАН ӘКІМІ: ӘРБІР ҚҰРЫЛЫС НЫСАНЫ УАҚЫТЫЛЫ ӘРІ САПАЛЫ АЯҚТАЛУЫ ТИІС!

    ·
    АУДАН ӘКІМІ: ӘРБІР ҚҰРЫЛЫС НЫСАНЫ УАҚЫТЫЛЫ ӘРІ САПАЛЫ АЯҚТАЛУЫ ТИІС!

    Сарыағаш ауданында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалардың орындалу барысы аудан әкімінің тұрақты бақылауында. Осыған орай аудан әкімі Арман Абдуллаев Дербісек және Ақжар ауылдық округтеріндегі ауыз су құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарға барып, жұмыс барысын егжей-тегжейлі саралады.

    Нысан басында өткен жұмыс жиынына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, мердігер мекеме өкілдерімен қатар жергілікті тұрғындар да қатысты. Кездесу барысында құрылыс-монтаж жұмыстарының бүгінгі ахуалы таныстырылып, жобаның орындалу мерзімі, сапасы және алдағы жұмыс жоспары талқыланды.

    Жобаның орындалу қарқынына тоқталған аудан басшысы құрылыс жұмыстарын созбалаңға салуға жол бермеу қажеттігін атап өтіп, мердігер мекемеге жұмысты жүйелі ұйымдастыруды, өндірістік график әзірлеп, соған сәйкес құрылыс жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар жауапты бөлімге аталған графиктің орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, құрылыс барысына мониторинг жүргізуді міндеттеді.

    Жоба аясында жер асты су ұңғымасынан негізгі таза ауыз су қоймасына дейін ұзындығы 2,2 шақырым, диаметрі 200 миллиметр болатын магистральдық су құбыры тартылуда. Сонымен қатар сыйымдылығы 160 текше метр темір-бетон су қоймасы салынып, одан насостық қондырғы арқылы сыйымдылығы 2000 текше метр негізгі таза ауыз су қоймасына су жеткізу қарастырылған. Қазіргі таңда су қоймасының қазаншұңқырын бетондау жұмыстары аяқталып, насостық ғимараттың құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Аталған жобаның мердігер мекемесі – «ADA Qurylys» ЖШС.

    Ақжар елді мекенінде тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Су қоймасын қоршау жұмыстары жүргізіліп, сонымен бірге, диаметрі 110мм және 160мм ауыз су құбырларын жүргізу, су құдықшаларын орнату жұмыстары жүргізіулде. Аталған жобаның мердігер мекемесі – «САҚ-ҚҰРЫЛЫС» ЖШС.
    Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары