
Банкроттың міндеттемелері мынадай мән-жайлардың бірі немесе бірнешеуі болған жағдайда тоқтатылмайды:
борышкер жалған ақпарат берсе және (немесе) өзінің қаржылық жағдайы, мүлкі мен міндеттемелері туралы ақпаратты, оның ішінде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімдерін қолдану туралы арыз берген кезде жасырса;
төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімдері барысында борышкер мүлікті, оның бір бөлігін және (немесе) ол туралы ақпаратты жасырса не қаржы басқарушысына, сотқа немесе уәкілетті органға өзінің қаржылық жағдайы, мүлкі мен міндеттемелері туралы мәліметтер алуға кедергі келтірсе, қаржы басқарушысының заңды талаптарын орындамаса және (немесе) оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына өзге де түрде кедергі келтірсе;
борышкер берешек мөлшерін ұлғайтса немесе өзінің қаржылық жағдайын, оның ішінде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімдері барысында мүлікті иеліктен шығару не өзіне жаңа міндеттемелер қабылдау арқылы кредиторлардың мүдделеріне нұқсан келтіре отырып нашарлатса;
борышкер банкроттық туралы іс қозғалғанға дейінгі үш жыл ішінде активтерін кредиторларға залал келтіре отырып азайтса;
борышкер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімдері барысында, сондай-ақ осы рәсімдерді қолдану туралы іс қозғалғанға дейінгі үш жыл ішінде бір кредиторға өзгелердің алдында негізсіз артықшылық берсе немесе кредиторларға залал келтіретін өзге де әрекеттерді жасаса;
борышкер әдейі банкроттыққа кінәлі деп танылса;
соттың қалауы бойынша борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімдеріне бастамашылық жасау кезіндегі немесе оларды жүргізу барысындағы әрекеттерін (әрекетсіздігін) кредиторлар алдындағы жауапкершіліктен жалтару тәсілі ретінде бағалауға мүмкіндік беретін өзге де мән-жайлар болса.









