Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының тапсырмасы бойынша Солтүстік Қазақстан облысында инвесторлардың құқықтарын қорғауға және әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған «Invest Caravan» жобасын іске асыру жалғасуда.
Жұмыс сапары аясында облыс прокуроры Ержан Дүйсекенов іске асырылып жатқан кәсіпорындар мен «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының аумағында инвестициялық жобалардың нысандарын аралады.
Екі күн ішінде ол жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жұмысымен және машина жасау, ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі салаларындағы жаңа өндірістер құрылысының барысымен танысты.
Сондай-ақ, түрік инвесторларының қатысуымен көпсалалы облыстық аурухана салу жобасына қатысты.
Кездесулер барысында жобаларды іске асыру, инженерлік инфрақұрылымға қосу, жер қатынастарын ресімдеу, рұқсат құжаттамасын алу және мемлекеттік органдардың міндеттемелерді орындау мәселелері талқыланды.
Инвесторларға олардың құқықтарын прокурорлық қорғау тетіктері түсіндірілді. Барлық айтылған мәселелер облыс прокуратурасымен қажетті шараларды қабылдау және инвестициялық жобаларды одан әрі сүйемелдеу үшін бақылауға алынды.





