
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-министрдің тапсырмасымен Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келді. Ақтөбе қаласындағы теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталу кезеңіне жетті. Қазіргі таңда нысанның құрылыс дайындығы - 95 пайыз.
Нұрлыбек Нәлібаев облысқа жұмыс сапары барысында вокзалдағы атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, жобаның уақытылы әрі сапалы аяқталуына қатысты нақты тапсырмалар берді.
Вокзал ғимараты толық жаңғыртылып, ішкі бөлмелері қайта жабдықталуда, инженерлік желілер ауыстырылып, перрон мен вокзал маңы абаттандырылуда. Бүгінде ғимараттың іргетасы, қаңқасы, шатыры және қасбеті толық аяқталған. Қазір ішкі әрлеу, инженерлік жүйелерді орнату, перронды ретке келтіру және аумақты көркейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары жауапты мекеме басшыларына құрылыс жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуын тұрақты бақылауда ұстауды да міндеттеді.
Сонымен қатар ол вокзал алдындағы алаң мен перронды аралап, жаңартылған нысанның айналасындағы аумақты да кешенді түрде ретке келтіру қажеттігін алға тартты. Вокзал маңындағы ғимараттардың сыртқы келбетін біріздендіріп, аумақты толық абаттандыру жөнінде тиісті тапсырмалар берілді. Оның айтуынша, жаңартылған вокзал тек ішкі жайлылығымен ғана емес, сыртқы сәулеттік келбетімен де қазіргі заман талаптарына сай болуы тиіс.







