
Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда халықаралық байқау жүргізетін ТМД атынан Байқаушылар миссиясының басшысы, ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары Игорь Петришенкомен кездесті.
Нұрлан Әбдіров ТМД байқаушыларының Қазақстанда өткізілетін сайлаулар мен референдумдарды халықаралық байқау жүргізуге тұрақты түрде қатысып келе жатқанын атап өтті. Ынтымақтастық үшін алғыс білдірген Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Қазақстанда халықаралық байқаушылар миссияларының толыққанды жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдай жасалатынын жеткізді.
Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Қазақстанда жүзеге асырылған конституциялық реформа, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген негізгі жаңашылдықтар жөнінде жан-жақты хабардар етті.
«Сізге «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген ең маңызды жаңашылдықтар туралы қысқаша ақпарат беруге рұқсат етіңіз. Өзгерістер Құрылтайды қалыптастыру кезіндегі электоралдық процестің кезеңдерін нормативтік реттеуге енгізілді. Депутаттыққа кандидаттарға қойылатын талаптар мен шектеулер жаңартылды. Атап айтқанда, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған, сондай-ақ сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға қатысты кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам Құрылтай депутаттығына кандидат бола алмайды. Саяси партиялардың сайлау алдындағы үгіт жүргізу тәртібі регламенттеліп, олардың сайлау қорларының шекті мөлшері ұлғайтылды және бірқатар өзге де өзгерістер енгізілді», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Өз кезегінде Игорь Петришенко Қазақстанда өтіп жатқан сайлаудың айрықша тарихи маңызын атап өтіп, бұл ТМД атынан Байқаушылар миссиясының Қазақстандағы жиырмасыншы, ал ТМД кеңістігіндегі 135-ші миссиясы екенінің символдық мәні бар екенін айтты.
Кездесуден кейін халықаралық байқаушылар БАҚ өкілдеріне арналған брифингке қатысты.







