
Велосипед ұрлықтарын ашуға бағытталған жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері бірнеше қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 49 жастағы ер адамды анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті Абай даңғылы бойындағы тұрғын үйлердің бірінің маңында қараусыз қалған спорттық велосипедті ұрлаған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдікті тағы жеті велосипед ұрлығын жасағанын мойындады. Оның айтуынша, қолды болған велосипедтерді көшеде бейтаныс адамдарға сатып жіберген.
Қазіргі уақытта күдіктінің өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Ұрланған мүліктердің орналасқан жерін анықтау және оларды заңды иелеріне қайтару бағытында қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Полиция департаменті ескертеді: қылмыстық жолмен алынған мүлікті біле тұра сатып алу немесе өткізу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Сондықтан велосипед немесе басқа да бағалы заттарды қолма-қол сатып аларда оның заңды иесіне тиесілі екенін растайтын құжаттарды талап етіп, сатушының жеке басын нақтылаған жөн. Егер мүліктің шығу тегіне күмән туындаса, мәміледен бас тартып, бұл туралы полицияға хабарлауды сұраймыз.









