
2026 жылғы 21 шілдеде Қапал ауылдық мәдениет үйінде Қапал ауылдық округінің әкімі ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында жергілікті қоғамдастықтың қызметіне және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелер қаралды.
Жергілікті қоғамдастық жиналысының жаңа құрамын қалыптастыру мәселесі талқыланды
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – жергілікті қоғамдастық жиналысының жаңа құрамын сайлау және бекіту болды.
Кездесу барысында округ әкімі жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамына кіруге өтініш білдірген үміткерлермен тұрғындарды таныстырды. Сонымен қатар ауыл тұрғындарына кандидатуралар бойынша өз пікірлерін білдіруге және ұсыныстарын айтуға мүмкіндік берілді.
Талқылау барысында қазіргі уақытта көптеген тұрғындардың шөп шабу науқаны мен басқа да маусымдық ауыл шаруашылығы жұмыстарымен айналысып жатқаны, осыған байланысты барлық ниет білдірушілердің уақытылы өтініш бере алмағаны айтылды.
Осыны ескере отырып, тұрғындардың ұсынысы бойынша жергілікті қоғамдастық жиналысының жаңа құрамын бекіту мәселесін 1–2 аптаға кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды. Бұл уақыт аралығында барлық ниет білдірген азаматтарға өтініш беруге мүмкіндік жасалып, жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамын қалыптастыруға тұрғындардың кеңінен қатысуы қамтамасыз етілетін болады.
Ауыл шаруашылығы жануарларының ұрлануының алдын алу және профилактикасы мәселесі қаралды
Күн тәртібіндегі екінші мәселе ауыл шаруашылығы жануарларының ұрлануының алдын алу және профилактикасына арналды.
Округ әкімі мал иелеріне жануарларды қараусыз қалдырмаудың маңыздылығын атап өтіп, малды күтіп-бағу талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Кездесу барысында тұрғындарға:
ауыл шаруашылығы жануарларын қараусыз жайылымға жібермеу;
ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды уақтылы жүргізу;
жануарларды чиптеу және сәйкестендіру сырғаларымен қамтамасыз ету;
барлық малды ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің ақпараттық жүйесінде (АЖБ) уақытылы тіркеу;
малды тасымалдау кезінде міндетті түрде барлық ветеринариялық ілеспе құжаттар мен анықтамаларды рәсімдеу қажеттігі түсіндірілді.
Аталған талаптарды сақтау мал ұрлығының алдын алуға, жануарлардың иесін жедел анықтауға, олардың қозғалысын бақылауға, жұқпалы аурулардың таралуының алдын алуға және меншік иелерінің құқықтарын қорғауға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері, ветеринариялық қызмет мамандары және жергілікті атқарушы орган өкілдерінің қатысуымен қараусыз жүрген ауыл шаруашылығы жануарларын анықтау бойынша жүргізілген рейдтік іс-шаралардың нәтижелері таныстырылды.
Рейдтік іс-шаралар барысында қолданыстағы заңнама талаптарын бұзған мал иелеріне қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылғаны айтылды.
Кездесу соңында округ әкімі тұрғындарды малды бағу және күтіп-ұстау қағидаларын қатаң сақтауға, ветеринариялық талаптарды уақытылы орындауға, сондай-ақ малдың күмәнді тасымалдануы немесе құқыққа қайшы әрекеттер туралы деректер белгілі болған жағдайда тиісті органдарға дереу хабарлауға шақырды.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларының сақталуын қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және ауылдағы қоғамдық қауіпсіздікті нығайту – мемлекеттік органдар мен жергілікті тұрғындардың ортақ міндеті екендігі ерекше атап өтілді.









