
Аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбектің кезекті кездесуі ауданымыздың тау беткейіндегі Манап, Талап, Жаманбай батыр, Қосүйеңкі, Қыраш және Ақүйік ауылдық округтерінде жалғасты.
Кездесуге аудандық мәслихат төрағасының уақытша міндетін атқарушы Жасұлан Амалбеков және тиісті сала басшылары мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен талап-тілектері тыңдалды.
Кездесу барысында аудан басшысы Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларға, Жаңа Конституцияның маңызына, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына және облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қолдауымен өңірде, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Өз кезегінде тұрғындар мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, ауданның одан әрі дамуына бірлесе үлес қосуға дайын екендіктерін жеткізді.
Кездесулерден кейін аудан әкімі білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындық барысын, жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарының сапасын және санитарлық тазалық жағдайын зерделеді. Тексеру нәтижесінде анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды және жаңа оқу жылына толық дайындықты қамтамасыз етуді жауапты сала басшыларына жүктеді.
Сонымен қатар, аталған ауылдық округтердегі сайлау учаскелерінің материалдық - техникалық дайындығымен танысып, заңнама талаптарына сәйкес сайлау науқанына толық әзірлікті қамтамасыз етуді тапсырды.









