
«Alatau Public Utilities» ЖШС Есік аудандық пайдалану учаскесі Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» Заңына сәйкес тұтынушылар алдындағы жыл сайынғы есеп беру кездесуін өткізді.
Кездесу барысында кәсіпорынның есепті кезеңдегі қызметінің негізгі нәтижелері таныстырылды. Атап айтқанда, ауыз сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің өндірістік көрсеткіштері, тарифтік сметалардың орындалуы, көрсетілетін қызметтердің сапасы, инженерлік желілердің жай-күйі және оларды кезең-кезеңімен жаңғырту бойынша жоспарлар туралы ақпарат ұсынылды.
Іс-шара барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, кәсіпорын басшылығы тарапынан жан-жақты жауаптар алды. Сондай-ақ тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері назарға алынды.
«Alatau Public Utilities» ЖШС ашықтық пен жариялылық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, тұтынушылармен тиімді кері байланысты нығайту және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарын жалғастырады.









