ТҮРКІСТАНДА «ТҮРКІСТАН ТӨСІНДЕГІ КӨНЕ АТАУЛАР ІЗІМЕН» АТТЫ ҒЫЛЫМИ ЭКСПЕДИЦИЯҒА АРНАЛҒАН ЖИЫН ӨТТІ

    ·
    ТҮРКІСТАНДА «ТҮРКІСТАН ТӨСІНДЕГІ КӨНЕ АТАУЛАР ІЗІМЕН» АТТЫ ҒЫЛЫМИ ЭКСПЕДИЦИЯҒА АРНАЛҒАН ЖИЫН ӨТТІ

    Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстан ономаст ғалымдарының қоғамдық бірлестігі – «Ономастар одағы», Түркістан қаласы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі және «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталығы» КММ бірлесіп Ұлы Дала елі орталығында «Түркістан төсіндегі көне атаулар ізімен» атты тарихи-танымдық ғылыми экспедиция аясында жиын өткізді.

    Жиын барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Ономастар одағының» өкілдері «Тарихи-диахрондық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» жобасының мақсат-міндеттері мен оны жүзеге асыру тетіктерін таныстырды.

    Сонымен қатар, ғалымдар Шөйтөбе I қонысында (IX–XV ғғ.) және Шөйтөбе II қонысында (XIII–XIV ғғ.) жүргізілген ғылыми-зерттеу және далалық экспедициялық жұмыстардың нәтижелерін баяндап, өңірдің тарихи-мәдени мұрасын зерделеуге қатысты маңызды мәліметтермен бөлісті. Басқосу барысында Шауғар–Шойтөбе қалашығы мен Кентау қаласы аумағындағы Бала Бүркем қалашығының тарихи-мәдени құндылығы, оларды ғылыми тұрғыдан зерттеу, қорғау және кеңінен насихаттау мәселелері кеңінен талқыланды.

    Сондай-ақ жиында Түркістан қаласындағы 602 нысанның атауын тарихи-ономастикалық тұрғыдан зерделеп, оларды қолданыстағы талаптарға сәйкес ретке келтіру мәселесі қозғалды. Мамандар бұл жұмыстар тарихи атаулардың түпнұсқалығын сақтауға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және өңірдің мәдени-тарихи мұрасын жүйелеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

    Іс-шараға облыстың өлкетанушылары, көнекөз қариялар, мектеп мұғалімдері, тарихшылар және жергілікті тұрғындар қатысып, көне жер-су атауларын сақтау, тарихи деректерді жүйелеу және ұлттық мұраны келер ұрпаққа жеткізу жолдары жөнінде пікір алмасты.

    Аталған ғылыми экспедиция Түркістан өңірінің тарихи атауларын ғылыми тұрғыдан зерделеу, ономастикалық қорды толықтыру және ұлттық тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытындағы маңызды жобалардың бірі саналады.

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары