Қазақстан мен Грекия екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады

    ·
    Қазақстан мен Грекия екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады

    Афина, 2026 жылғы 29 шілде – Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин Грекия Сыртқы істер министрлігінің Саяси мәселелер жөніндегі Бас директоры Андреас Фриганаспен кездесу өткізді.

    Тараптар Қазақстан-Грекия қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, саяси диалогты одан әрі нығайтуға және екі ел арасындағы практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударды.

    Биік және жоғары деңгейлердегі өзара сапарларды ұйымдастыру, Экономикалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның кезекті отырысын өткізу, екіжақты шарттық-құқықтық базаны жетілдіру, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері қаралды.

    Халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу барысында халықаралық кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлік-энергетикалық байланыстардың тұрақтылығы мәселелері де қозғалды.

    Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға және Қазақстан мен Грекия арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтуға ортақ мүдделілігін растады.

    Ұқсас материалдар