
Мойынқұм ауданында тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау, төтенше жағдайлардың алдын алу және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында кең ауқымды профилактикалық түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.
Іс-шараға аудан әкімі Ермек Карентаев, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары және еріктілер қатысып, аудан орталығындағы сауда нысандары мен көпқабатты тұрғын үйлерді аралады. Кездесу барысында тұрғындарға күнделікті өмірде қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңыздылығы жан-жақты түсіндірілді.
Профилактикалық шара аясында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, тұрмыстық газ жабдықтарын дұрыс пайдалану, электр желілерін қауіпсіз қолдану, балалардың қараусыз қалуының алдын алу, сондай-ақ жаз мезгілінде су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлерде балалардың терезеден құлау қаупінің алдын алу бойынша да түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ата-аналарға қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.
Іс-шара барысында тұрғындарға қауіпсіздік талаптары қамтылған арнайы ақпараттық жадынамалар таратылып, мамандар азаматтардың қойған сұрақтарына жауап беріп, өзекті мәселелер бойынша қажетті кеңестер ұсынды. Түсіндіру жұмыстары тұрғындармен ашық диалог форматында өтіп, олардың ұсыныс-пікірлері де назарға алынды.
Сонымен қатар аудан көшелерінде арнайы жабдықталған автокөлік арқылы рупормен қауіпсіздік талаптары жөніндегі ақпараттық хабарламалар таратылып, өрттің, тұрмыстық жазатайым оқиғалардың және судағы қайғылы жағдайлардың алдын алу бойынша маңызды ескертулер халыққа жеткізілді.
Мұндай профилактикалық іс-шаралардың негізгі мақсаты – тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру, төтенше жағдайлардың алдын алу және азаматтардың жеке жауапкершілігін күшейту. Себебі кез келген төтенше жағдайдың алдын алу ең алдымен әрбір адамның қауіпсіздік талаптарын сақтауынан басталады.
Айта кету керек, Мойынқұм ауданында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ақпараттық-түсіндіру және профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.









