
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттары жұмыс сапарымен Мойынқұм ауданына келіп, аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік маңызы бар жобалар мен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстардың барысымен танысты.
Жұмыс сапары барысында депутаттарды аудан әкімінің орынбасары Әлібек Нұрадинов аудан шекарасынан қарсы алып, іс-сапар бағдарламасымен таныстырды. Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, елді мекендерді көркейту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Іс-сапардың алғашқы бағыты Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды зерделеуге арналды. Депутаттар бірнеше елді мекенді аралап, көгалдандыру жұмыстарының орындалу барысымен танысты.
Атап айтқанда, көктемгі және күзгі көгалдандыру науқандары барысында отырғызылған жасыл желектердің жай-күйі қаралып, көшеттердің жерсіну деңгейі, тұрақты суару жүйесінің ұйымдастырылуы, күтім жұмыстарының сапасы және алдағы уақытта оларды күтіп-баптау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, ағаштарды сақтау, олардың өсуіне қолайлы жағдай жасау және көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.
Депутаттар елді мекендердің санитарлық тазалығына, көшелердің абаттандырылуына, қоғамдық орындардың күтіміне және қоршаған ортаның тазалығын сақтау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға да ерекше назар аударды. Жауапты мамандар атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Жұмыс сапары барысында халықтың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жобалардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы маңызды екені айтылды. Осыған байланысты жауапты сала басшыларына нақты ұсыныстар беріліп, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап, олардың тиімділігін арттыру жөнінде тиісті тапсырмалар жүктелді.
Айта кету керек, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Мойынқұм ауданында санитарлық тазалықты сақтау, ағаш отырғызу, көгалдандыру, абаттандыру және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл жұмыстар аудан тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, елді мекендердің келбетін жақсартуға және тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.









