Қазіргі таңда интернет пен ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты кибералаяқтық қылмыстарының саны артып келеді. Осыған орай, азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін арттыру және интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында 2026 жылғы 1–31 шілде аралығында республика көлемінде «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Аталған іс-шара аясында Түпқараған аудандық полиция бөлімінің Криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері профилактикалық кабинетте аудан тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Кездесу барысында азаматтарға интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың кең таралған тәсілдері түсіндіріліп, банк карталарының деректемелерін, SMS арқылы келетін бір реттік кодтарды және жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу қажеттігі ескертілді. Сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеу, тек ресми интернет-ресурстарды пайдалану және онлайн төлемдер кезінде сақтық шараларын сақтау жөнінде кеңестер берілді.
Полиция азаматтарды қырағылық танытып, интернет кеңістігінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Күдікті қоңыраулар немесе хабарламалар келіп түскен жағдайда, ешқандай жеке ақпаратты жария етпей, дереу құқық қорғау органдарына хабарласу қажет.









