Сенімнің соңы – соттылық: ШҚО-да сүйіктісіне сенген жігіт рақымшылықпен сот залынан босатылды

    Сенімнің соңы – соттылық: ШҚО-да сүйіктісіне сенген жігіт рақымшылықпен сот залынан босатылды

    Сенімнің соңы – соттылық: ШҚО-да сүйіктісіне сенген жігіт рақымшылықпен сот залынан босатылды

    Шығыс Қазақстан облысында махаббат пен сенімнен басталған оқиға жас жігіттің сотталуымен аяқталды. Алайда рақымшылық туралы заң оған өмірін жаңадан бастауға мүмкіндік берді.

    22 жастағы азамат сүйіктісінің өтінішімен оның анасына тиесілі алтын алқаны ломбардқа өткізген. Кейін бұл туралы білген әйел құқық қорғау органдарына арызданып, нәтижесінде жас жігітке қатысты қылмыстық іс қозғалды.

    Сот оны кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін ол екі ай бойы пробация қызметінің есебінде болды.

    Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған рақымшылық туралы заң күшіне енгеннен кейін Шығыс Қазақстан облысы бойынша пробация қызметінің мамандары сотталғанның жеке ісін зерделеп, рақымшылық қолдану туралы материалдарды сотқа жолдады.

    Сот ұсынысты қанағаттандырып, жас жігітті бүгін сот залында одан әрі жазасын өтеуден босатты.

    Соттан шыққаннан кейін ол бұл оқиға өміріндегі ең ауыр сабақ болғанын жасырмады.

    «Мен сүйген адамыма шексіз сендім. Бірақ сол сенім мені сотталушы етті. Соттылық алдым, ал сүйген қызым мені тастап кетті. Енді әр адамның өз ісіне өзі жауап беретінін түсіндім. Рақымшылық маған өмірімді жаңадан бастауға мүмкіндік берді. Мұндай қателікті енді ешқашан қайталамаймын», – деді жас жігіт.

    _**Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова өңірде рақымшылық туралы заңды іске асыру жұмыстары қарқынды жалғасып жатқанын айтты.

    «Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысының пробация қызметі рақымшылыққа ілігетін сотталғандарға қатысты 300-ге жуық материалды сотқа жолдады. Олардың басым бөлігі бойынша жаза мерзімін қысқарту көзделген. Сонымен қатар 50-ден астам сотталған жазасын одан әрі өтеуден толық босатылуы мүмкін. Әрбір материал заң талаптарына сәйкес жеке қаралады, ал түпкілікті шешімді сот қабылдайды», – деді Салтанат Ожиканова.
    **_
    Бір сәттік шешім мен орынсыз сенім жас жігітті сот алдына алып келді. Ал рақымшылық оған тағдырын қайта жазуға мүмкіндік берді. Бұл оқиға – сенім мен жауапкершіліктің қатар жүруі керектігін еске салатын өмірлік сабақ.

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті" жаңалықтары