
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – жұмыс орындарын құру жөніндегі Ұлттық жоспардың орындалуы болды. 2026 жылға 1 610 жұмыс орнын құру жоспарланған болса, бүгінгі күнге дейін оның 1 097-сі құрылды.
Әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша аудан әкімі Құрманбаев Р.Т. бірқатар нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, Алтай ауданының IV деңгейлі бюджетіне жер салығының уақытылы және толық көлемде түсуін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Жауапты мемлекеттік органдарға салық түсімдерінің орындалуын күшейту, берешектерге талдау жүргізу және оларды азайту бойынша нақты шаралар қабылдау тапсырылды.
Сонымен қатар, аудан әкімі жұмыс берушілердің міндетті әлеуметтік төлемдерді уақытылы аударуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ еңбекке қабілетті 10 мың тұрғынға шаққанда 100 жұмыс орнын құру көрсеткішіне қол жеткізу бағытындағы жұмысты жандандыру қажеттігі атап өтілді.
Отырыс барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу мәселесі де қаралды. Бағаларға тұрақты мониторинг жүргізіп, оларды тұрақтандыру бойынша жедел шаралар қабылдау қажеттігі айтылды.
Сондай-ақ Жаңа-Бұқтырма кентін абаттандыру жұмыстарының барысына ерекше назар аударылды. Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат тыңдалып, елді мекеннің санитарлық жағдайын жақсарту, қоғамдық орындарды абаттандыру және тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бойынша тиісті тапсырмалар берілді.









