
Нью-Йорк, 2026 жылғы 14 шілде - БҰҰ Штаб-пәтерінде Орнықты даму жөніндегі жоғары деңгейдегі саяси форум аясында «АӨСШК мүше мемлекеттеріндегі волонтерлік қызметтің озық тәжірибесі» тақырыбында арнайы тақырыптық іс-шара өтті.
Іс-шараны Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Хатшылығы және Әзербайжан ( АӨСШК-ге төрағалық етуші ел) БҰҰ Еріктілер бағдарламасымен ынтымақтастықта ұйымдастырды.
Бұл шара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған Тұрақты даму мақсатындағы халықаралық волонтерлер жылына (2026 жыл) орайластырылған. Бұл еріктіліктің 2030 жылға дейінгі Орнықты даму саласындағы күн тәртібінің маңызды қозғаушы күші ретінде жаһандық деңгейде танылуы артып келе жатқанын айғақтайды.
Жиынды ашқан Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров волонтерлікті АӨСШК Сенім шаралары каталогына интеграциялаудың маңыздылығын атап өтті. Ол еріктіліктің аймақтағы орнықтылықты нығайту мен жастовтың мүмкіндіктерін кеңейтудің тиімді механизмі екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол волонтерліктің елдер, тілдер мен мәдениеттер арасындағы шекараны жоятын ынтымақтастықтың жоғары көрінісі екенін қоса кетті.
Ілеспе іс-шараның басты сәті АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай таныстырған «АӨСШК мүше мемлекеттеріндегі волонтерлік қызметтің озық тәжірибесіне шолу» атты электронды кітаптың ресми тұсаукесері болды. Жинақ серіктестер мен халықаралық волонтерлік қоғамдастық үшін ұзақ мерзімді мәліметтер базасы және практикалық бағдар ретінде қызмет етуге арналған.
Талқылау барысында Әзербайжанның Жастар және спорт министрінің орынбасары Индира Гаджиева, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Хаолян Сюй, БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаментінің, БҰҰ Еріктілер бағдарламасының және мүше мемлекеттердің өкілдері сөз сөйледі. Қатысушылар халықаралық және ұлттық тәжірибелерімен бөлісіп, АӨСШК пен БҰҰ арасындағы еріктілік саласындағы стратегиялық серіктестікті нығайту мәселелерін талқылады.
Іс-шара БҰҰ-да ұйымдастырылған АӨСШК фотокөрмесінің логикалық жалғасы болды. Фотокөрмеде волонтерлердің күнделікті еңбегі, соның ішінде қазақстандық «Таза Қазақстан» экологиялық қозғалысының жобалары көрсетілген.









