
Отырысқа аудандық мәслихат төрағасы А. Әлжанов, аудан әкімінің орынбасары А. Әбенова, Қоғамдық кеңес мүшелері, ауданның Құрметті азаматы Н. Бимендин, мемлекеттік мекемелердің, полиция бөлімінің, Мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері, қалалық қоғамдық көлік жүргізушісі, жеңіл такси жүргізушілері, аудан тұрғындары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Отырыс барысында жол жүру құнының өзгеру себептері қаралып, мемлекеттік органдардың, тасымалдаушылардың және Қоғамдық кеңес мүшелерінің баяндамалары тыңдалды. Одан кейін барлық мүдделі тараптардың қатысуымен ашық пікір алмасу өтті. Такси қызметі құнының қалыптасуына жанар-жағармай материалдарының, қосалқы бөлшектердің, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету шығындарының қымбаттауы, инфляциялық үдерістер, жолаушылар сұранысы мен жол-көлік жағдайы сияқты бірқатар объективті факторлардың әсер ететіні атап өтілді. Сонымен қатар, заңсыз жолаушылар тасымалының қосымша қауіп-қатерлер туғызатынына назар аударылды. Себебі мұндай қызметте автокөліктердің техникалық жай-күйіне, жүргізушілердің міндетті медициналық тексеруден өтуіне және қолданыстағы заңнама талаптарының сақталуына тиісті бақылау жүргізілмейді. Мәселенің әлеуметтік маңыздылығына ерекше көңіл бөлінді. Көптеген тұрғындар үшін такси – сән-салтанат емес, қоғамдық көлікке балама болып отырған қажетті қызмет. Жол жүру құнының өсуі, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарының отбасылық бюджетіне қосымша салмақ түсіреді, өйткені тұрғындардың табысы негізгі тауарлар мен қызметтердің тұрақты қымбаттауына ілесе бермейді. Сондай-ақ көлік қолжетімділігінің төмендеуі шалғай аудандарда тұратын тұрғындардың ауруханаларға, жұмыс орындарына және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандарға уақытылы жету мүмкіндігін шектеуі мүмкін екендігі айтылды. Қаралған мәселе бойынша Қоғамдық кеңес жолаушылар тасымалы саласын жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсынымдар қабылдады. Атап айтқанда: • жолаушылар тасымалы нарығындағы жағдайға мониторингті күшейту және тасымалдаушылардың қызметін заңдастыру жұмыстарын жалғастыру; • жүргізушілермен салық заңнамасы, қызметті тіркеу, тасымалдау қауіпсіздігі және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тұрақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу; • бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы жолаушылар тасымалы саласындағы өзгерістер және қызмет құнының өсу себептері туралы тұрғындарды уақтылы хабардар ету; • тұрғындар мен тасымалдаушылардың өтініштерін жедел қабылдау және қарау үшін «жедел желі» немесе өзге де кері байланыс арналарының жұмысын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыру; • тасымалдаушылардың заңнама талаптарын, жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтауын және көлік құралдарының техникалық жарамды күйде болуын қамтамасыз ету; • қала шегінде қоғамдық көлік бағыттарының желісін кеңейту, оның ішінде қосымша бағыттарды ашу мүмкіндігін қарастыру. Жарқайың ауданының Қоғамдық кеңесі қабылданған ұсынымдардың орындалуын өз бақылауында ұстап, мемлекеттік органдар, тасымалдаушылар және тұрғындар арасындағы сындарлы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға, сондай-ақ жолаушылар тасымалы қызметтерінің қауіпсіздігі мен сапасын арттыруға бағытталған жұмысты жалғастырады.









