
Қарағандыда фермерлерге арналған AgroSky интеллектуалды көмекшісі әзірленді. Жасанды интеллектінің көмегімен жүйе ауыл шаруашылығы алқаптары туралы деректерді талдап, тыңайтқыш енгізу қажет учаскелерді анықтайды және ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Стартап GCIP 2025 халықаралық бағдарламасының іріктеуінен өтіп, үздік 50 жобаның қатарына енді.

Жоба Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің AI-Sana бағдарламасы аясында әзірленген. Оны студент Артур Аббазов, университет түлегі Михаил Мұхаметов және маркшейдер ісі мен геодезия кафедрасының PhD докторы, қауымдастырылған профессоры Дмитрий Ожигин бірлесіп жасаған.

AgroSky ұшқышсыз ұшу аппаратынан алынған деректерді талдап, жасанды интеллект технологияларының көмегімен топырақ құрамын, ылғал деңгейін, өсімдіктердің жай-күйін бағалайды, тыңайтқыш енгізуді қажет ететін учаскелерді анықтап, кейін аграршыларға арналған ұсынымдар қалыптастырады.
— Әзірлеменің негізгі мақсаты – дроннан алынған деректер негізінде топырақтың жай-күйін талдайтын алгоритмдер құру. Жүйе топырақта қандай минералдар мен тыңайтқыштар жетіспейтінін анықтап, кейін қажетті заттарды нақты учаскелерге енгізуге және жерді егіске дайындауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл топырақтың құнарлылығын арттырып, тыңайтқыштар мен судың шығынын азайтуға, сондай-ақ еңбек ресурстарына жұмсалатын шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді, – дейді жоба әзірлеушілерінің бірі Михаил Мұхаметов.

Жоба Қарағанды облысының Абай ауданындағы егіс алқаптарында сынақтан өтті. Нәтижелердің дәлдігін тексеру үшін топырақ үлгілері Астанадағы жоғары оқу орындарының бірінің зертханасына талдауға жіберілді. Алынған мәліметтер әзірленген жүйенің нәтижелерімен толық дерлік сәйкес келді. Дәлдік көрсеткіші шамамен 98–99% болды.
Әзірлемеге қазірдің өзінде бірқатар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қызығушылық танытып отыр. Жоба авторларының айтуынша, бұл технологияның ең жоғары экономикалық тиімділігі тыңайтқыштарды дәл енгізу арқылы шығындарды едәуір қысқартуға мүмкіндік беретін ірі аграрлық кәсіпорындарда байқалады.
Қазіргі уақытта команда жүйені жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатыр және тыңайтқыш енгізе алатын ұшқышсыз ұшу аппаратын сатып алуды жоспарлап отыр.

Фото: Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті






