
Алматы облысында Қытай Халық Республикасымен өңіраралық ынтымақтастықты дамыту бағытындағы маңызды кездесу өтті. Облыстық мәслихат төрағасы Қ.С. Байғоджаев облыс әкімдігі өкілдерімен бірге Қытайдың жетекші өңірлерінің бірі – Цзянсу провинциясының халық өкілдерімен жүздесті.
Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастарға 34 жыл толған кезеңде екі ел арасында сенімді саяси диалог, тиімді экономикалық байланыстар және өзара құрметке негізделген берік әріптестік қалыптасты. Бұл байланыстардың нығаюында Алматы облысының рөлі ерекше. Географиялық тұрғыдан қолайлы орналасуы және Қытаймен 1700 шақырымнан асатын ортақ шекарасы өңірді екіжақты қатынастарды дамытудың маңызды орталығына айналдырып отыр.
Әсіресе Қытайдың экономикалық тұрғыдан дамыған өңірлерінің бірі – Цзянсу провинциясымен ынтымақтастық стратегиялық маңызға ие. Мұндай өңіраралық әріптестік сауда, инвестиция, өнеркәсіп және инфрақұрылым салаларында жаңа мүмкіндіктер ашып, өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға жол береді.
Кездесу барысында тараптар достық қарым-қатынастардың маңыздылығын атап өтті. «Досыңмен бірге жүретін жол жеңіл» деген қытай мақалына сүйене отырып, өзара сенім мен түсіністікке негізделген ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді нәтижелерге жеткізетіні айтылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қытай Қазақстанның стратегиялық серіктесі әрі сенімді досы болып табылады, ал бұл бағыттағы ынтымақтастық еліміздің сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі саналады.
Сонымен қатар, Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасын іске асыруда Алматы облысы маңызды рөл атқарады. Өңір арқылы өтетін көлік-логистикалық дәліздер халықаралық сауда ағындарын ұлғайтып, экономикалық ықпалдастықты күшейтуде.
Соңғы жылдары Алматы облысының экономикасы қарқынды дамып келеді. Өткен жылы өңір жалпы ішкі өнім көлемі бойынша республикада 10-орыннан 5-орынға көтеріліп, рекордтық өсім көрсетті. Бүгінде облыстың сыртқы сауда байланыстары әлемнің 100-ден астам елін қамтиды.
Қытаймен сауда-экономикалық қатынастар да тұрақты түрде кеңеюде. Соңғы үш жылда екіжақты тауар айналымы 1 млрд АҚШ долларынан асып отыр.
Инвестициялық ынтымақтастық та табысты дамуда. Бүгінде Алматы облысында қытай және бірлескен капиталдың қатысуымен 143 кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл жобалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беруде.
Жалпы алғанда, Алматы облысы мен Қытай арасындағы әріптестік өзара сенім мен тату көршілікке негізделген тиімді модель ретінде қалыптасып отыр. Алдағы уақытта мұндай кездесулер мен бірлескен бастамалар екіжақты ынтымақтастықты жаңа сапалық деңгейге көтеруге ықпал етпек.









