Баспасөз релизі
Мемлекет Басшысы 2023 жылғы 12 шілдеде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойды, онымен 2023 жылғы 23 шілдеде күшіне енген «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) түзетулер енгізілді.
Қазақстан Республикасының Президенті Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетін Жоғары аудиторлық палата (бұдан әрі - ЖАП) етіп қайта құру шеңберінде ЖАП-қа жаңа функциялар беруді тапсырды (2022 жылғы 16 наурыздағы Казақстан халқына Жолдау).
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің аудиті тиімділігін және толыққанды трансформациялануын арттыру мақсатында ЖАП-қа жаңа құзыреттер:
- ҚР Президентінің келісімімен немесе оның тапсырмасы бойынша ғана зейнетақы активтерін сенімгерлік басқарудың сәйкестік аудитін жүзеге асыру бойынша; Бұл бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын басқаруға (бұдан әрі – БЖЗҚ) жүйелік тәсілді қамтамасыз етеді.
- жергілікті бюджеттің ресурстарын пайдаланудың ашықтығын арттыру мақсатында жеке негіздер (Қазақстан Республикасы Президенті және оның Әкімшілігінің тапсырмасы, мемлекеттік органдарының, тексеру комиссияларының, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, құқық қорғау органдарының ақпараты) бойынша жергілікті бюджет қаражатына аудит жүргізу;
- заңды күшіне енген құқықтық актілері бар аудит материалдарын қоспағанда, жеке негіздер (Қазақстан Республикасы Президенті және оның Әкімшілігінің тапсырмасы,ЖАП-тың шешімі) бойынша мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының аудит қорытындыларын қайта қарау құқығын беру бөлігінде Заңның 12-бабына түзетулер енгізілді.
ЖАП-қа мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қорытындыларын қайта қарау құзыретін беру бұрын жүргізілген аудиттердің нәтижелерін қайта тексеру қажеттілігіне байланысты.
Сондай-ақ ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес (сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар туралы 1.02.2022ж. кеңестің № 22-01-7.2 хаттамасының 5.4.2-т.) мемлекеттік сектордың ішкі аудит органдарының қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою мақсатында Заңның 15 және 19-баптарына ішкі аудит қызметтеріне (бұдан әрі – ІАҚ) ақпараттық ресурстарға мониторинг жүргізу және талдау, сондай-ақ уәкілетті органның ішкі мемлекеттік аудит бойынша сапа бақылауынан өткен ІАҚ аудиторлық материалдарын тану арқылы электрондық аудит жүргізу құзыретін беру бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Заңға ұсынылып отырған түзетулер ІАҚ тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, ІАҚ мемлекеттік аудиторларының жауапкершілігін қатаңдатуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және тексерулердің негізділігін бақылауды күшейтуге ықпал етеді.
Бұдан басқа, Заңның 53-бабы 1-1-тармақпен толықтырылды, оған сәйкес ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудиторлары құзыретіне кіретін мәселелер бойынша заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша тексерулерге қатысатын болады.








