
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуымен Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиын Ақорда резиденциясында өтті. Іс-шараға жоғары лауазымды тұлғалар, мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері қатысты. Аталған жиында Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғоджаев та болды.
Салтанатты рәсім барысында Құрмет қарауылы жаңа Конституцияны алып шығып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалды. Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумның қорытындыларын жариялады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде жаңа Конституцияны «ел бірлігінің символы» және стратегиялық маңызы бар құжат деп атап өтті. Оның айтуынша, бұл Ата заң Қазақстанның тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын және егемендігін нығайтуға бағытталған.
Жиын барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына, сондай-ақ «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
Президенттің мәлімдеуінше, жаңа Конституция 2026 жылғы 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді. Сонымен қатар 15 наурыз – Қазақстан Республикасының Конституция күні ретінде белгіленіп, ұлттық деңгейде жыл сайын атап өтілетін болды.









