
Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғоджаев Іле ауданы Жапек Батыр ауылы аумағында орналасқан BTK Group компаниясының қызметкерлерімен кездесті.
Кездесуге компанияның шамамен жүз қызметкері қатысты. Кәсіпорын 1991 жылдан бері құрылыс саласында жұмыс істейді және бүгінде күйдірілген кірпіш пен автоклавты газоблок өндіруге маманданған.
Кездесу барысында кәсіпорын ұжымымен Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасы бойынша 15 наурызға белгіленген республикалық референдум мәселесі талқыланды.
Ақпараттық-түсіндіру жиынында мәслихат төрағасы жалпыхалықтық дауыс беруге шығарылатын өзгерістердің мәнін түсіндіріп, референдумның қоғамдық-саяси маңызы, оған қатысу тәртібі мен азаматтардың құқықтық жауапкершілігі туралы айтты.
Кездесу барысында қызметкерлер дауыс беру тәртібі мен референдум өткізу рәсіміне қатысты сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Жиын ашық форматта өтіп, қатысушылар өз ойларын еркін жеткізуге мүмкіндік алды.









