
Алматы облыстық мәслихатының «Ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, ветеринария және экология мәселелері бойынша» тұрақты комиссия мүшелері Алатау қаласы мен Жамбыл, Талғар, Балқаш аудандарында орналасқан ауыл шаруашылығы нысандарын аралап, аграрлық саладағы жұмыстардың барысымен танысты.
Сапар кезінде комиссия мүшелері егін жинау науқанының жүргізілу үдерісін көріп, жергілікті фермерлермен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында аграрлар өз ұсыныстарын айтып, ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты өзекті мәселелерді көтерді.
Сонымен қатар, комиссия мүшелері сүт және ет бағытындағы шаруашылық нысандарының, мал бордақылау алаңдары мен құс фабрикаларының жағдайымен танысты. Нысандардың материалдық-техникалық базасы, өндірістік қуаты, инфрақұрылымы мен экологиялық стандарттардың сақталуы қаралды.
Сонымен бірге ауыл шаруашылығы саласын қолдау, жер және су ресурстарын тиімді пайдалану, ветеринариялық қауіпсіздік пен экологиялық тепе-теңдікті сақтау мәселелері талқыланып, сала дамуын арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстар ортаға салынды.









