Астанада BaiQymyz-2026 фестивалі өтеді: қонақтарға 56 тонна қымыз ұсынылады

    Астанада BaiQymyz-2026 фестивалі өтеді: қонақтарға 56 тонна қымыз ұсынылады

    11-12 шілде күндері Астанадағы «Қазанат» ипподромында ұлттық мәдениет пен қазақтың дәстүрлі тағамдарын насихаттауға арналған BaiQymyz-2026 гастрономиялық фестивалі өтеді.

    Екі күнге жоспарланған ауқымды іс-шарада келушілер ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақтың салт-дәстүрімен, қолөнерімен және өнерімен жақынырақ таныса алады. Фестивальдің басты ерекшелігі – қонақтарға 56 тонна қымыз ұсынылады.

    Бағдарлама аясында суретшілер мен қолөнершілердің көрмелері ұйымдастырылып, ұлттық ат спорты ойындары көрсетіледі. Сондай-ақ балалар мен ересектерге арналған түрлі танымдық және ойын-сауық шаралары өткізіледі.

    Фестивальдің әр күні еліміздің танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концертпен қорытындыланады.

    BaiQymyz-2026 – еліміздегі оқиғалық туризмнің маңызды жобаларының бірі. Фестиваль Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылғы республикалық туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген және Ұлттық оқиғалар күнтізбесінің зәкірлік іс-шараларының қатарына кіреді. Бұл оның еліміздің туристік әлеуетін ілгерілетудегі жоғары мәртебесін айқындайды.

    Іс-шара ұлттық мәдени мұраны сақтауға және кеңінен насихаттауға, гастрономиялық туризмді дамытуға, сондай-ақ Астана мен жалпы Қазақстанның туристік тартымдылығын арттыратын жаңа туристік оқиғаларды қалыптастыруға бағытталған.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі" жаңалықтары