
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Такиев Мәди Қырғызстанға жұмыс сапарының аясында қазақстандық төрт санаторий-курорттық нысандарының құрылыс алаңдарына барды.
Министр нысандардың қазіргі жай-күйін, инженерлік және туристік инфрақұрылымның даму деңгейін, сондай-ақ оларды жаңғыртуға және пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталған инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты.
«Қазақстан» шипажайының құрылысына ерекше назар аударылды. Құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Нысанды пайдалануға беру ағымдағы жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған. Жобаны іске асыру нәтижесінде демалыс пен сауықтыру қызметтерінің сапасына қойылатын заманауи талаптарға толық сәйкес келетін жаңа санаторий-курорттық кешен пайдалануға беріледі.
Үш нысан бойынша заманауи санаторий-курорттық кешендерді салу және жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұл жобаларды іске асыру азаматтардың сапалы демалуы мен сауықтыруына қолайлы жағдай жасап қана қоймай, Ыстықкөл жағалауындағы Қазақстанның рекреациялық нысандарының туристік әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Қаржы министрі жобаларды белгіленген мерзімде іске асыруды қамтамасыз ету, мемлекеттік активтерді тиімді пайдалану және құрылыс жұмыстарының сапасына тұрақты бақылау жүргізу жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.








