Атырау облысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және нашақорлықтың алдын алу шаралары күшейтілуде

    ·
    Атырау облысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және нашақорлықтың алдын алу шаралары күшейтілуде

    Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамуратовтың төрағалығымен Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті. Жиында жасөспірімдер арасындағы нашақорлықтың алдын алу, синтетикалық есірткілердің таралуына қарсы күрес, кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу, сондай-ақ жаз мезгілінде балалардың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
    Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жанғалиева баяндама жасап, облыстық психикалық денсаулық орталығының кәмелетке толмағандармен жүргізіп жатқан профилактикалық және оңалту жұмыстары туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, биылғы жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар, психоактивті заттарды қолдануға байланысты есепте тұрған адамдардың саны – 2 486.
    – Облыстың психиатриялық және наркологиялық қызметінің мамандары есірткі мен алкогольдің зияны, сондай-ақ нашақорлықтың алдын алу бағытында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Жыл басынан бері жоғары оқу орындары мен колледждердің 211 студентімен кездесу өтті. Сонымен қатар 747 мектеп және лицей-интернат оқушысына дәрістер, дөңгелек үстелдер мен ақпараттық-түсіндіру кездесулері ұйымдастырылды, – деді Әлия Жанғалиева.
    Ал облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Айбол Идрисовтың мәліметінше, жыл басынан бері өңірде есірткінің заңсыз айналымына қатысты 67 құқық бұзушылық тіркеліп, есірткі өткізумен айналысқан 6 адам ұсталған. Кешенді жоспар аясында нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 513 профилактикалық іс-шара өткізіліп, оған 42 мыңнан астам облыс тұрғыны қамтылған. Сондай-ақ 454 еріктінің қатысуымен есірткі сайттарын жарнамалайтын жазуларды анықтау және жою бойынша 30 акция мен рейд ұйымдастырылып, тыйым салынған мазмұндағы 70-ке жуық граффити өшірілген.
    Өз кезегінде облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Абзал Әліпқалиев өңірде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар күшейтілгенін айтты.
    – Жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың ішінен 5 740-ы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Профилактикалық есепке 82 жасөспірім мен 32 қолайсыз отбасы алынды. Сонымен қатар Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 61 бала орналастырылды, – деді Абзал Әліпқалиев.
    Жиында облыс әкімінің орынбасары Психологиялық қолдау орталығының басшысы Анаргүл Құбылбаеваға психологиялық диагностика нәтижесінде тәуекел тобына енген балалармен жеке жұмысты жалғастыруды, олардың осы топқа түсу себептерін жан-жақты зерттеп, мұндай жағдайлардың алдын алу бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.
    Отырыста жазғы кезеңде су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі де қаралды. Қазіргі таңда облыс аумағында күн сайын 14 мобильді топ жұмыс істейді. Олардың құрамында 31 құтқарушы мен өртке қарсы қызметтің 46 қызметкері бар. Олар халық көп шоғырланатын демалыс орындарында рейдтер өткізіп, тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіруде.
    Жиын қорытындысында Дарын Шамуратов жауапты мемлекеттік органдарға балалар мен жастар арасында профилактикалық жұмысты күшейтуді, психологтар мен салалық мамандарды тарта отырып, жасөспірімдер арасындағы нашақорлықтың алдын алудың жаңа тәсілдерін енгізуді, сондай-ақ, әсіресе ауылдық елді мекендерде балалардың су айдындарындағы қауіпсіздігін ерекше бақылауға алуды тапсырды.

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары