
С. Сейфуллин атындағы кітапханасында «Жаңа Конституция – жаңа кезеңнің бастауы» атты ақпараттық сағат ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясының қоғамдағы маңызын кеңінен насихаттау, заң үстемдігін дәріптеу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру.
Шара барысында «Конституция – ел бірлігінің кепілі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрермен назарына Ата Заңның тарихи маңызы, еліміздегі конституциялық реформалар және құқықтық мемлекет қағидаттарын насихаттайтын әдебиеттер ұсынылды.
Ақпараттық сағатқа Қазақстан Жазушылар одағының Жетісу облыстық филиалының төрағасы Жангелді Немеребай, Алматы облысы және Жетісу облысы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полиция кіші сержанты Ерзат Серікжанұлы, сондай-ақ «Республика» партиясының Жетісу облыстық өкілі Камбаева Наргиз Төреханқызы қатысып, жаңартылған Конституцияның ел дамуының жаңа кезеңін айқындаудағы, заң үстемдігін нығайтудағы және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы маңызы туралы мазмұнды ой-пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар, қатысушыларға жүрекжарды тілектерін арнап, қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықтың басты кепілі – Конституция екенін ерекше атап өтті.
Кездесу барысында қатысушылар Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың мәні, олардың елдің демократиялық дамуына және әділетті қоғам құруға қосатын үлесі жөнінде кеңінен ақпарат алып, өзара пікір алмасты.









